Экологтар «Каспий теңізін зерттеу» интитутын уақыт оздырмай құруды ұсынады
«Каспий теңізін зерттеу» институтын тездетіп құру керек. Мамандар көк айдынға экологиялық мониторинг жасап, апатты болдырмаудың нақты шешімін табу керек деп дабыл қағуда, деп хабарлайды Almaty.tv.
Каспий теңізінің бұлай тартылуы соңғы рет 1976 жылы байқалған. Ол кезде су деңгейі 29 метрге дейін төмендеп кеткен екен. Каспийдің қазақстандық бөлігі 2300 шақырымды құрайды. Оның жартысынан көбі Маңғыстау өңірін алып жатыр. Гидрометеорологиялық станса мамандары теңіз суын тәулігіне 4 рет өлшейді. Оның біршама төмендегенін айтады.
«2022 жылғы есеп бойынша су деңгейі 29,03 метрді құраған. Ал 2023 жылғы есепке келетін болсақ 29,36 метр төмендеген», – деді «Қазгидромет» РМК Маңғыстау облыстық филиалының океанолог маманы Айдын Жарылғапова
Су деңгейінің төмендеуіне себеп көп. Оған климаттың өзгеруі, ауа температурасының көтерілуі қатты әсер етуде. Салдарынан теңіздің булану деңгейі күрт өскен.
«1976 жылғы деңгейге 50 см-дей қалды. 1 жылда 33 см-ге төмендегенін қазір Қазгидромет айтып отыр. Ендеше 1,5 жылдың ішінде ол соңғы 400 жылдың ішіндегі ең төменгі деңгейіне жетеді. Одан әрі қарай да төмендей беретіні сөзсіз. Себебі келіп құятын су көбейіп тұрған жоқ», – деді эколог Орынбасар Тоғжанов.
Каспийге шамамен 130 өзен келіп құяды. Бұрын Еділ өзенінен жылына 280-290 текше шақырым су құйылатын болса, соңғы жылдары ол 35-40-қа дейін азайып кетті. Себеп- өзен жағалауында елдімекендер көбейіп, су тұтыну бірнеше есе артқан. Соның салдарынан Каспийге келетін судың мөлшері азайған көрінеді.
«Ғылыми негіз бойыншаәр 0,5 см теңіз деңгейі, яғни су деңгейі төмендейтін болса, эко жүйесіне ондағы су жәндіктеріне зиянын тигізеді. Ғалымдар болжамы бойынша, егер теңізіміз 2100 жылға дейін 18 см төмендесе, онда бүкіл теңіздің 25 пайызы жойылып кетуі мүмкін. Біз қазірден бастап қолға алып, алдын алу жолын қарастырмайтын болсақ, Каспий теңізі Арал тағдырын қайталауы мүмкін деген ойдамын», – деді Есенов университетінің ғылым және зерттеу басқармасының басшысы Самал Сырлыбекқызы.
Экологтар «Каспий теңізін зерттеу» интитутын уақыт оздырмай құруды ұсынады. Көк айдынға экологиялық мониторинг жасалуы тиіс. Сонда үрей мен болжамнан гөрі, экологиялық апатты болдырмаудың нақты шешімі табылмақ.
Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтау
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде пәтерлердің бірінен анасы мен ұлының мәйіті табылды