Алматыда 10 шақты зейнеткер интернет алаяқтардың құрығына ілікті

Almaty.tv
Almaty.tv
Заң жүзінде қылмысы анықталса бас бостандығынан айрылуы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 10 шақты зейнеткер интернет алаяқтардың құрығына ілікті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Олардың айтуынша, арам пиғылдылар көпшілікті алдаудың жаңа тәсілін ойлап тауыпты. Олар алдымен түрлі дүкен желісіндегі жеңілдіктерді айтып қызықтыратын көрінеді. Кейіннен несие алсаңыз үстіне қомақты ақша қосылады деп сенімге кіріп, сан соқтырған.

Ербол Жәнетхан – алаяқтардың құрығына түскендердің бірі. Пайдакүнемдер алдымен қаладағы бірнеше дүкен жеңілдік ұсынып жатқанын айтып қызықтырған. Кейіннен зейнеткердің жанында отырып, ұялы телефоны арқылы банк қосымшасы арқылы 700 мың теңгеге несие рәсімдепті. Осылайша, 100 мың теңгені қолына ақшалай ұстатып, қалғаны 3 айдың ішінде автоматты түрде жабылады деп сендірген. Бұл тәсілмен пайдаға кенелмесеңіз, ұтылмайсыз деген алаяқ кейіннен ізім-ғайым жоғалады.

«Мен ғана емес 10 шақты адам бар. Өзімнің баламен жасты бала болғандықтан алдап, төлемей кетеді деген ой болмады», – деді зейнеткер Ербол Жәнетхан.

Адвокат Әлия Манарбекқызының айтуынша, арам пиғылдылардың ішінде 21 жасар жігіттер мен жүкті әйелдер де бар. Адвокатқа бір айдың көлемінде 11 зейнеткер шағым айтып келген. Адвокат бұл істі зейнеткерлер үшін тегін жүргізіп беруге келісіпті.  

«Алданғандардың дені - зейнеткерлер мен мүгедектер. Жас балалар көбіне ұялы телефоннан хабары жоқ, құжаттарға аса мән бере бермейтін егде жастағыларды таңдап отырған. Қазір банк алдында берешегі бар зейнеткерлердің ең төменгі сомасы 600 мың мен 1 млн теңге аралығында», – деді Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Әлия Шәріпбаева.

Ал қалалық Полиция департаменті бүгінде интернет алаяқтардың мәселесі аса өзекті екенін айтады. Соңғы айларда IT технологиясымен байланысты қылмыстар саны екі есеге дейін көбейген. Мұндай заңсыз әрекет «кибернадзор» жүйесі арқылы әшкере болады екен. Мәселен, жыл басынан бері дәл мың жарым сайт бұғатталған.  

«Интернет алаяқтармен күрес жұмыстары күшейтілуде. Өткен жылы жедел-іздестіру тобы осы мақсатта арнайы біліктілік арттыру курсынан өтті. Нәтижесі де жақсы. Алматыда жыл басынан бері интернет алаяқтардың тіркелуі 45 пайызға дейін төмендеді», – деді Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.

Қалалық адвокаттар алқасына шағым айтып келген 10-нан астам зейнеткер бүгін қалалық полиция департаментіне арыз жазды. Мамандардың айтуынша, заң жүзінде  қылмысы анықталса 3-7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров