Алматы облысы Ават ауылының тұрғындары үй маңындағы қоқыс үйінділерінің иісінен әбден мезі болдық деп шағымданды. Бұған 5 жылдан бері төзіп келеміз деген көпшілік қалдыққа толы полигонның көзін жоюды талап етіп отыр. Олар терең қазылған шұңқырға балаларымыз құлап кете ме деп алаңдайтынын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жағымсыз иісі қолқаны алады деп тұрғындар шағым айтқан қоқыс төгетін шұңқыр жекенің меншігінде болғандықтан, мұнда тірі жанды аттап бастырмайды. Түгел қоршап тастаған. Ауамыз ластанып, ауламыз қоқысқа толды деген ауыл тұрғындары «80-90 метр тереңдікті қоқыспен толтырса, бәріміз ауру боламыз» деп алаңдайды.
Алматы облысындағы Ават ауылында 6 мың адам тұрады. Олар бірнеше шақырым жерде ұсақ тас үйіндісінің барын айтады. Белгісіз себеппен сол жердің қоқыс алаңдарына айналып кеткенін байқамай қалдық деп мұңын шақты.
«Жаздыгүні терезені мүлдем аша алмайсың, топырақ, шаң, бәрі үйге кіреді. Бір тереземді мүлде ашпаймын, бірден топыраққа толып қалады. Өйткені арлы-берлі «КамАЗдар» жүреді, сол үшін шаң аспанға шығып жатады. Күнде қоқыс тасиды, сасық иіс сол жақтан келеді. Егер арғы жақтан су келсе, айналаны түгел басып қалады. Осы жерде сондай жағдай болып, дачалардың бәрін су басты ғой», - дейді ауыл тұрғыны Құрбан Сауытов.
«Мұнда 77 жылдан бері тұрамын. Бұрын жоқ еді. Кейін жел соққан сайын мұрынды жаратын мүңкіген иміс пайда болды», - деді ауыл тұрғыны Имам Мұхамедов.
Қаладан қоқыс қалдықтарын, құрылыс материалдарын әкелетін бұл маңға 10-15 «КамАЗ» сағат сайын келіп төгеді екен. Тереңдеген сайын жанын шүбүрекке түйген тұрғындар талай мәрте құлап түскендер де болды деп ашулы.
Ауыл азаматтарының аманатын арқалап, аталған қоқыс төгетін жерге Almaty.tv тілшілері де барып көрдік. Алайда ондағы қызметкерлерден жарытып жауап ала алмадық. Тіпті көліктен шықпай қойды.
Бес жылдан бері базынасын айтқан аваттықтар ауыл әкімдігінің табалдырығын талай мәрте тоздырғанын айтады. Алайда жергілікті әкімдік бұл қоқыс полигоны Талғар ауданына қарайтынын айтып ақталып отыр.
«Бұл күл-қоқыс полигоны туралы Ават аулының тұрғындары бізге бірнеше рет шағым жіберген болатын. Күл-қоқыс Талғар ауданының шекарасында тұрғандықтан, біз аудандық әкімдікке шағымдарымызды жазғанбыз. Бірақ әлі нақты жауап алынған жоқ», - деді Ават ауылдық округі әкімінің орынбасары Салават Қазиев.
Кейін анықталғандай, Талғарға қарасты мәселе тудырған бірнеше қоқыс шұңқыры бар екен. Оның біреуінің жұмысына тіпті сот арқылы шектеу салыныпты. Бірақ біз көтеріп отырған полигонға құзырлы органдар тек айыппұл салумен шектеліпті.
«Алматы облыстық Экология департаменті 2020 жылдың 14 шілдесінде кезектен тыс тексеру өткізіп, «Эко-Сервис» ЖШС-не айыппұл салған. ҚР әкімшілік құқық бұзу 332-351 баптары бойынша 55 560 теңге айыппұл төлеген. Олар тиісті соманы толық төлеп, ескертуден нәтиже шығарған», - деді Экология департаменті Мемлекеттік экологиялық бақылау басқармасының басшысы Батыржан Әденов.
Ауыл тұрғындары қоқыс полигонын тұтас жабуды сұрағанымен, заң талаптарына сәйкес ол жер жекеменшік иелігінде. Сондықтан алдағы уақытта тек мәселенің шешу жолдарын ұсынып қана келісімге келуге болады дейді мамандар.
Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы