|
14.07.2020 | 20:17
5215

Алматының тауға жақын аудандарында жердің құнарлы қабатын қазып, ұрлайтындар азаймай тұр

Экологтар соңғы бірнеше аптада сондай ондаған деректі анықтаған

Алматының тауға жақын аудандарында жердің құнарлы қабатын қазып, ұрлайтындар азаймай тұр almaty.tv

Алматының тауға жақын орналасқан аудандарынан жердің құнарлы қабатын қазып, ұрлайтындар азаймай тұр. Тау баурайындағы қара топырақты тиеп алу деректері жиілегендіктен, ағаштарға да зақым келіп жатыр дейді экологтар. Олар заңсыз әрекет жасағандарға қатаң жаза қолданылуы тиіс дегенді алға тартуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бұл кадрлар –  Наурызбай ауданының Қарғалы шағын ауданында жасалған. Бейнежазбада бірнеше ер адамның жүк көлікке топырақ тиеп жатқаны анық көрінеді. Белсенділердің камераға түсіріп жатқанын байқаған олар тезірек кетіп қалуға асықты.

«Заң бұзушылар біреулерге қоқан-лоққы жасаса, енді біреулері заңсыз әрекет екенін білмедік деп ақталып жатады. Ең өкініштісі, топырақты алуға келгендер мұндай жұмысқа балаларды да тартады», – деді экология белсендісі Ася Гейдт.  

Табиғат жанашырлары жердің құнарлы қабатын қолды қылатындардың артып бара жатқанын айтады. Экологтар соңғы бірнеше аптада сондай ондаған деректі анықтаған. Кейде тұмса табиғаттың шырқын бұзып, өсіп тұрған алма бақтардың да жойылған кездері болған екен. Егер қара топырақты ұрлау тоқтамаса, түбі сел мен жоталардың опырылуына әкеліп соғады дейді мамандар.

«Жердің құнарлы қабатын ұрлайтындар көп. Кішігірім кәсіп иелері мен көріктендіру жұмыстарымен айналысатын шағын компаниялар осылайша пайда тапқысы келеді. Сондай-ақ, мұндай заңсыздық қала тұрғындары үшін қауіпті. Өйткені жердің құрамында қара топырақ қалмағандықтан, саз балшық сел мен жер сілкінісіне төтеп бере алмайды», – деді эколог Тимур Елеусізов.

Мамандардың сөзінше ұрланған құнарлы топырақ қара базарларда бір машинасына 30 мың теңгеден жоғары бағада сатылатын көрінеді.

«Алматы қаласында тәріздес екі оқиға орын алды. Бұл деректер бойынша әкімшілік кодекстің 337-бабы бойынша іс қозғалып, кінәлі азаматтар жауапкершілікке тартылды. Былтыр тәріздес дерек бойынша әкімшілік кодекстің 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған еді», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жалпы мұндай жағдайларда заң бұзушыға 25 мың теңгеден 126 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Бұл жаза бұзақылар үшін тым жұмсақ дейді экология белсенділері. Сондықтан мәселе әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікпен шешілуі керек, тек сонда ғана қоршаған ортаны сақтап қала аламыз дейді мамандар.

Назкен Еркін, Татьяна Ким, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир