Жалған ақпарат таратқан адам 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

amic.ru
amic.ru
Адамдар жалған мәлімет жіберіп отырмын деп ойламайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгінде ақпараттың ағыны қатты. Салдарынан қазіргідей сын-сағатта адам ойын шатастыратын көптеген жалған мәлімет кең етек алып кетті. Оны өзі оқығанымен қоймай, өзгелерге таратады. Жалған мәлімет жіберіп отырмын деп ойламайды. Керісінше, жақыныма ескертіп, қауіптен сақтадым дейді. Бұл – қате. Кез келген ақпаратты қабылдағанда мейлінше салқынқанды болған жөн дейді мамандар. Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын қоғам арасында кеңінен таралып жүрген бірнеше ақпараттың рас-өтірігін анықтап көрді.

Оқиға болған жерден:

– Санитар эпидемиологтар Қапшағай су қоймаларынан: бассейндер, субұрқақтар және бөгендерден  анализ алды. Барлығында пневмония таяқшалары табылған. Бәрі су қоймалары арқылы тарайды. Пневмония шексіз ғой. Өлім саны шектен асты. Су қоймаларына баруды тоқтатыңыздар!

Соңғы екі-үш күнде осындай хабарлама тарағалы Қапшағай қаласы тұрғындарының есі кетті. Инфекцияны адамнан емес, қарапайым судан жұқтырып аламыз ба деген күмән басты. Кейіннен қаланың бас санитар дәрігері таралған ақпараттың жалған екенін хабарлады.

«Қапшағай қалалық басқармасы аймақтағы су қоймаларынан жыл сайын мамыр-қыркүйек аралығында тырысқақ вибрионы, А вирустық гепатиті, энтеровирус анықтау үшін талдау алынады. Аталған тарату шындыққа сәйкес келмейді. Жалған ақпартты таратқаны үшін ҚР қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – деді Қапшағай қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Амантай Қамалбаев.

Оқиға болған жерден:

– Міне, мына ғимараттың үстіне орнатып қойған 5G. Осы вирус таратып жатыр бізге

Бұл – қаладағы «Сана» медициналық орталығының төбесіндегі антенна. Осы құрылғы арқылы вирус таратылғаны жайлы қауесет тез тарады. Бұл да жалған ақпар. Тіпті, 5G мобильді желісі Алматы тұрмақ, Қазақстанда да іске қосылмаған. Ақпарттың қауесет екенін еліміздің бас дәрігері Алексей Цойдың өзі мәлімдеді.

«Тұрғындарға қандай да бір ақпаратты ресми мәлімет көздерінен алуын сұраймыз. Бұлардың бәрі жалған ақпарат. Қазіргі әлеуметтік желілерде таралып жатқан ақпараттардың барлығы да қазір біздің бақылауымызда. Сондықтан алып-қашпа мәліметтерге ермеуге шақырамын», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Көпшілік арасында тағы бір кең тарап кеткен видео осы. Онда көрсетілгендей әскери ұшақ далаға «қызыл түсті ұнтақ» сеуіп жүр. Әлеуметтік желілілерде тараған ақпаратта көпшілік мұны: Қазақстанда ұшақпен вирустық және биохимиялық оқ-дәрі шашып жатқанын айтып шулаған еді. Тұрғындар, тіпті, осыдан кейін бақшасындағы өнімін жеуге қорқып қалған көрінеді. Ішкі істер министрлігі бейнежазбаның толық нұсқасын тексеріп, оқиғаның АҚШ-та болғанын анықтаған. Сөйтсе әуе лайнері өртті сөндіруге жұмылдырылыпты.

«Жағдайды тексере келе бұл оқиға АҚШ-та болғаны анықталды. Видео «Goal Aircraft» әуе компаниясының Facebook-тегі аккаунтынан көшіріліп алынған. Айта кетерлігі, өртті боялған сумен сөндіру тәжірибесі АҚШ пен Австралияда қолданылады. Жалған ақпаратты тарату фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабымен сотқа дейінгі тергеуді бастады. Айта кетейін, жалған ақпарат тарату жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Биологиялық жаумен күресуді дәрігерлердің еншісіне қалдырдық. Біз ақпарат майданында жүргеннен кейін, көпшілікке таралып жатқан фейк-ақпараттармен күресудің жолын ұсынып көрейік. Ақпарттың шынайы немесе жалған екенін қалай аңғаруға болады?

1. Фейк ақпаратта ресми дереккөз бен сілтеме берілмейді. Бұл – фейктің алғашқы белгісі. Бүгінгідей сын-сағатта қандай да бір ақпаратты тек ресми орган немесе уәкілетті тұлғалар жариялайды. Сондықтан нақты дереккөзі жоқ ақпаратқа сенбеңіз.

2. Тақырыпты «айқайлатып» қояды. Оны көре салып, бірден «Сондай болып жатыр екен», деп дүрліктірендер көп қазір. Мұндай тақырып көбіне адамның эмоциясына әсер етеді.

3. Ресми сайтта емес, әр түрлі месенджерде «қыдырып жүретін» ақпараттар. Тақырыбы айқайлап тұрған ақпарат бірден тарап кетеді. Тексерілмейді.  Ал түптеп  келгенде ол фейк болып шығады.

4. Ресми ақпарат бөлісуге тәуелді емес.

Фейк ақпаратта «танысыңызға  жолдаңыз, репост жасаңыз» дегендей бөлісуге үгіттейтін тіркестер болады.

Новости партнеров