Апаттан кейінгі ахуал: Атырауда ауа қаншалықты ластанды

05.07.2023 01:19

Кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылады

elements.envato.com

Екі сағат ішінде Атырау мұнай өңдеу зауыты ауаға 8 мың текше метр технологиялық газды шығарып, ауаны ластады. Бұл туралы кәсіпорынның бас директоры Мұрат Досмұратов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Атыраудағы зауытта болған апаттан кейін «ҚазМұнайГаздың» Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев алпауыт компания өкілдерімен шұғыл жиын өткізді. Әрі Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты тарапынан электр қуатының ажырауына байланысты өндірісті тоқтатуға мәжбүр болған кәсіпорынды қайта іске қосу барысымен танысты. Атырау мұнай өңдеу зауыты бұл жағдайға қарамастан жинақталған қор есебінен қара алтын өнімдерін жөнелтуді жалғастырып жатыр.

– Мамыр мен маусым айында жалпы қуаттылығы 110 процентпен, яғни тұрақты деңгейге жұмыс істеді. Дегенмен кешегі апаттан кейін зауыт толығымен тоқтатылды. Енді оны іске қосу жұмыстары кеше сағат 19:30-да басталды. Жұмыс әлі екі күнге созылады деген болжам бар, – деді «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.

Атырау мұнай өңдеу зауыты басшылығының айтуынша, электр қуаты тұрақты беріле бастаған сәттен зауыттың технологиялық қондырғылары біртіндеп қалыпты жұмыс режиміне көшкен. Апта соңына дейін кәсіпорын өнімдерін бұрынғы көлемде шығара бастайды деп жоспарланып отыр.

– Электр желісіндегі ақаудың салдарынан қондырғылардың жұмысы апаттық жағдайда тоқтатылды. Технологиялық регламентке сәйкес апатты жағдайдың алдын алу мақсатында электр энергиясының сыртқы желілерін толық қалпына келтіргенге дейін зауыттың отын желісі факелге жіберілді. Бұл амалсыздан жасалған шара болды. Қазір зауытты біртіндеп іске қосу ісі жүргізіліп жатыр, – деді  «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Мұрат Досмұратов.

Айта кетейік, кеше Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының №1 энергия блогында апат болып, Атырау өңірі тұтастай жарықсыз қалған еді. Жағдайды Мемлекет басшысы өз бақылауына алып, мән-жайды анықтау үшін мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылатынын ескертті.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау