Елордадағы Кіші Талдыкөлдің тағдыры тағы да таласқа түсті

Almaty.tv
Almaty.tv
Табиғат жанашырларының айтуынша, көлді әлі де болса сақтап қалуға болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кіші Талдыкөлдің тағдыры тағы да таласқа түсті. Елордада өткен басқосуда табиғат жанашырлары көлді әлі де болса сақтап қалуға болатынын айтты. Экологияға келтірілген залал деп дабыл қаққан олар жергілікті биліктен айдын аумағындағы құрылысты тоқтату қажеттігін талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаланың қақ ортасындағы су айдыны әп-сәтте жоқ болды. Аумақта бүгін құрылыс қызу жүріп жатыр. Бұл әрекетті экологтар табиғатқа келтірілген залал деп отыр. Руслан Оразалиевтің сөзінше, көлді әлі де болса сақтап қалуға мүмкіндік бар.

«Кіші Талдыкөлді сақтап қалу мүмкіндігі әлі де бар. Бұл тұрғыда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өкілетті орган ретінде өзінің нақты ұстанымын танытуын талап етеміз. Ведомство ол жердегі құрылысты тоқтатып, экологияға келтірілген залалды бағалауы тиіс. Бұл аумақта өсімдіктің 98 түрін анықтадық. Жәндіктердің 300-ден астам, құстардың 172 түрі тіркелді. Біз оларды сақтап қалу керекпіз», – деді Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылыми қызметкері Руслан Оразалиев.

Көлдің жағдайы маңындағы тұрғындардың да мазасын кетіріпті. Көпшілік су айдынының құрғағанына қарсы. Халық керісінше, бізге жақын маңда тынығатын орын болғанын жөн санайды.

«Отбасыңмен бірге демалғымыз келеді. Ботаникалық баққа кептеліспен жеткенше жарты күнің кетеді. Ал үйдің алдына шығасың. Келген қонақтарға да көрсеткенге ыңғайлы болар еді», – деді қала тұрғыны Арайлым Дәулетқызы.

«Экологиялық жағынан дұрыс емес деп ойлаймын. Жаңа ауданға бір көл жақсы еді. Саябақ керек. Балалар қыдырып, демалатын еді», – деді қала тұрғыны Елдос Сарыбаев.

Жыл бұрын тап осы аумақта көл болған еді. Қазір қалдығы да қалмаған. Топырағы бетіне шығып, құрғап жатыр. Ал таяу болашақта дәл осы аумақта тұрғын үй кешені мен саябақ салынбақшы.

Басқосуда айтылған мәселеден қала билігі хабардар. Бұл жайында жергілікті әкімдіктің сайтында былай делінген:

«Нұр-сұлтандағы Кіші және Үлкен Талдыкөлде экопарк құрылады. Осы мақсатта бірінші кезеңде 1 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру бөлінді. Бүгінгі таңда Үлкен Талдыкөл бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленді, Кіші Талдыкөл су объектісіндегі су балансын сақтай және толықтыра отырып, рекреациялық аймақ құру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде».


Жергілікті билік ақпарынша, бас жоспарға сай көл маңында әлеуметтік нысандар бой көтеруі тиіс. Ал экологтар көлді құрғату оң шешім емес дейді. Олар экожүйені зақымдамай, орнына табиғи парк салуды ұсынды.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров