Алматы облысындағы Тереңқара өзенінің бойы қоқыс полигонына айналып барады – тұрғындар

Almaty.tv
Almaty.tv
Қоршаған ортаны ластап, халықты әбігерге салып жүргендердің кім екенін әкімдіктегілер де білмейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Первомай тоғандарына барып құйылатын Тереңқара өзенінің бойы қолдан жасалған қоқыс полигонына айналып барады. Алматы облысына қарасты «Дружба» саяжайының халқы жерді иеленіп алған пысықайлар жасыл желекті алқапты қоқыс төгетін жерге айналдырғанын айтады. Бұлай жалғаса берсе экологиялық апатқа ұшыраймыз деп дабыл қаққан жұрт заңсыздықты тоқтатуды талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Адам айтса нанғысыз, бірақ әдемі алқап небәрі бір айдың ішінде осындай күйге түсті дейді Дружба  саяжайының тұрғындары. Жер телімі бұрын жекеге сатылып кеткен. Енді иелері пайда таппақ мақсатта қоқыс төгетін жүк көліктеріне арнайы жол шығарып, оны тросспен жауып қойған. Содан бері бұл жер қоқыс тиеген машинадан көз ашпай қалыпты.

«Қандай қоқыс болсын, құрылыс материалдары,  халықтың денсаулығына зиян келтіретін қоқыстар төгіп жатыр. Өзенге де төгіп жатыр. Иісі шықпақ түгілі крыса қаптап жүр. Біз қанша шақымдандық. Қанша айттық, бірақ құлақ асар адам табылмады», – деді саяжай тұрғыны Тұрсынхан Кадерова

«Мына жақта күніне 200-300 жүк машинасы өтеді. Шаң.  Бізге автобус та кірмейді. Жаяу жүретін оқушыларға, үлкен кісілерге қиын болып жатыр. Көлігі бар кісілер өтіп кетіп жатыр. Бұл жерде 800-900 үйдей бар тұрғылықты», – деді саяжай тұрғыны Азат Әуелбеков.

Ластанған өзен Первомай тоғандарына барып құйылады. Ал кооператив төрағасы жердің қожайындарына ескертпек болыпты. Бірақ нәтижесіз.

«Өткенде өртенді. Өрт сөндіру көлігі әрең келіп, өшірді. Бізбен хабарласпайды. Қожайыны бар дейді. Белгісіз, Жанболат, Абай,Болат деген жігіт менікі дейді», – деді «Дружба» бау-бақша тұтынушылары кооперативінің төрағасы Нұржан Қабдуәлиев.

Қоршаған ортаны ластап, халықты әбігерге салып жүргендердің кім екенін әкімдіктегілер де білмейді. Учаскелік полицей ескерту бір ай бұрын берілді десе, округ әкімінің орынбасары бір апта бұрын дейді. Анығы мұнда қоқыс төгуге ешкім рұқсат бермеген.

«Әкім болғанда, әкімнің орынбасарымын. Заңгер кеше шығып халықпен кездесті. Мен нақты білмеймін. Полиция ескерту берген», – деді  Казцик ауылдық округі әкімінің орынбасары Айсұлу Италмасова.

Алқап кімге тиесілі болса да полигонға айналып жатқаны анық. Бірақ жергілікті шенділер оған көз жұма қарайтын сыңайлы күйде қалдық. Табиғат пен адамдарға зиян келтіріп жатқандардың кім екенін ақыры біле алмадық. Әкімдік полицейге, полицей әкімдікке сілтеді.  

«Иә, оны учаскелік полиция инспектор шақыртады да түсініктемесін алып, кіммен қандай келісім жасалғанын, мән-жайды анықтайды», – деді Казцик ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Дияс Жақыпбеков.

«Айыппұл саламыз. Одан кейін тоқтатылып, тазалануы қадағаланады ғой. 10 күн ішінде орындаймыз», – деді  Казцик ауылдық округінің учаскелік аға инспекторы Ғалымжан Сапаров.

Әйткенмен жауаптылар мәселені қатаң бақылауға алып, алдағы күндері заңсыздықты жоямыз деп уәде етті. Тек құрғақ уәде болмаса игі.

Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров