Кен орнындағы апат 9 маусымда басталды
Маңғыстаудың «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнындағы өрт әлі өшкен жоқ. Оның жанып жатқанына екі айдан асты. Өңірдегі Экология департаментінің мамандары ауаның ластану деңгейін тексерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кен орнындағы апат 9 маусымда басталды. Сол күні-ақ арнайы штаб құрылып, өртті ауыздықтау іс-шараларын қадағалайтын комиссия құрылды. Тілсіз жауды сөндіру үшін арнайы алаң дайындалып, көлденең бұрғылау жұмыстары басталды, 4 ұңғыма қазылады. Себебі бүгінге дейін жасалған әдістерден нәтиже жоқ.
– Апатты жоюға тәжірибесі бар мамандар қосылып жатыр. Екінші бұрғылау жұмыстары басталғанда, апат болмауы қажет. Жобалау институты құжат бойынша есептеп, қандай қысыммен және тығыздықпен бұрғылау жұмысын анықтайды, – деді ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов.
Екі ұңғыма жартылай бұрғыланған. Ал қалған екеуіне дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Экологтар оқиға орнынан апта сайын сынама алады. Осы күнге дейін қоршаған ортаға қандай көлемде залал келгенін ешкім білмейді. Шығын көлемі өрт оқшауланғаннан кейін ғана белгілі болмақ.
– Өрт сөндірілгеннен кейін, прокуратураға жүгіне отырып, жоспардан тыс тексеріс жұмысын жүргіземіз. Қазір өртеніп жатыр. Ауа талдауы метанның шекті мөлшерінен асып кеткені байқадық, – деді Экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов.
Айта кетейік, Оңтүстік Қаратұрындағы ұңғымаларды жөндеу кезінде ауаға газды-су қоспасы атқылап, алапат өртке ұласқан болатын. Оқиғаның салдарынан бір жұмысшы зардап шеккен.
Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысы
Оқи отырыңыз: Қазақстанда көмір экспорты қысқарды