Алматыдағы өткен жылы Ресейден әкелінген
Алматы хайуанаттар бағында қонжық дүниеге келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Гималай аюының төлі 18 қаңтарда туған. Қазір төрт айлық жабайы аң мамандардың ерекше қарауында. Сүйкімді жануардың видеосы әлеуметтік желіге жарияланғаны сол еді, көпшілік қызығушылық танытып, түрлі пікір қалдырып жатыр. Арнайы көруге барған қала тұрғындары мен қонақтары да аз емес. Гималай қонжығының әкесі – Яшин болса, анасы Уссури. Алматыдағы зообаққа өткен жылы Ресейден әкелінген. Бұл – осы аюлар жұбындағы тұңғыш төл. Уссури өз қонжығына ерекше мейірім көрсетіп, өсіріп келеді дейді қызметкерлер. Қонжық өсіп, жетіліп, күш-қуат жинаған соң ғана үлкен қоршауға ауыстырылады екен.«Аюды жабық мекенде туады ғой деп ойлағанбыз. Бірақ ол өзі үлкен алаңға барып, ің қазып, қонжығын сонда дүнеиеге әкелді. Жіті бақылауымызда болды, күнделікті қараймыз»,– деді «Алматы хайуанаттар бағы» КМҚК бөлім меңгерушісі Дәурен Кенжебаев.
Алматы хайуанаттар бағында қандай да бір төл дүниеге келсе, оның есімін қала тұрғындары бірлесіп, ақылдасып қояды екен. Қазір әлеуметтік желіде бірнеше нұсқалар ұсынылып жатыр. Көп дауыс жинаған есім осы жаңа қонжыққа беріледі. Оны тамашалауға келгендердің қатарында жасы да, жасамысы да бар.
«Өте қуаныштымыз осындай саябақтардың барына. Балаларымыздың көңіл-күйі көтеріңкі. Айта кететін жайт, балалар үшін тегін екен», – деді қала тұрғыны Анар Нұрғалиева.
«Зообаққа келіп тұрмыз, баламызға көрсетіп үйрету үшін. Өте жақсы жасалған. Балаларға көрсетуге ыңғайлы»,– деді қала тұрғыны Гүлім Оңалбек.
Бүгінде Алматы хайуанаттар бағы қалалықтардың сүйікті демалыс орнына айналған. 84 жылдық тарихы бар орталыққа келушілер көп. Алғашқыда мұнда жануарлардың 70 түрі ғана болыпты. Қазір олардың саны бес есеге дейін артқан. Хайуанаттар бағы аптаның 7 күнінде демалыссыз жұмыс істейді.
Ұлағат Арғын, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы