«Қызғалдақ» аталып кеткен гүлді білесіз бе

12.05.2022 02:31

Калифорнияда гүл атаулының символы болып есептеледі екен

Almaty.tv

Көктем - көк шығып, айнала гүлдеп күн шуағын төгетін керемет мезгіл. Осы шақта жыл сайын Алматы маңындағы жақын алқапта қызылды-жасыл гүл қаптап кетеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мереке және демалыс күндері мұнда адамның аяқ-алысы көп болады. Бәрі де отбасымен барып, әдемі көріністі суретке түсіріп мәре-сәре. Ал, осы гүлді біреуі көкнәр десе біреулер қызғалдақ деп атап жүр? Ал өсімдіктің құрамында психотроптық зат бар екенін білесіз бе?

«Осындай әдемі өлкемізге келіп, суретке түсіп, естелікке сақтайық дедік. Бұл суреттердің бәрін әлеуметтік желіге жүктейміз. Алматы облысында осындай әдемі жердің барына бәрі қызығады», – деді  қала тұрғыны Іңкәр Мәлік.

«Мен Қостанай қаласынан арнайы келіп тұрмын. Алматының әсем табиғаты қатты ұнайды. Жыл сайын көктемде келіп, осындай керемет көрністің куәсі боламыз, суретке түсеміз», – деді Қостанай қаласының тұрғыны Анна Унгефук.

Көкнәр 4-5 жапырақшадан тұратын өте нәзік гүл. Гүлдену уақыты шамамен мамырдан шілдеге дейін жалғасады. Аумағы үлкен шалғынды алқапта, құнарлы топырақта өздігінен өседі. Құрамында адам азғасына кері әсер ететін зиянды нәрселер жоқ дейді мамандар. Өткен жылдарға қарағанда биыл бұл өсімдіктің Алматыда таралау қарқыны өте жоғары болғанын айтады.  

«Бұл қауіпсіз өсімдік. Иісі мен гүлдің өзі адамдарға ешқандай кері әсері жоқ. Десе де құрамында апиын секілді улы зат бар. Бірақ, оның дозасы өте аз. Сондықтан көпшіліктің даурығуына еш негіз жоқ», – деді Өсімдіктер зертханасының ғылыми қызметкері Ирина Отрадных.

«Мак» деп аталып жүрген өсімдікті «көкнәр» дейді. «Көкжілтім» деген ғылыми атауы да бар. Қазақтар оны кептіріп дәрілік зат ретінде де қолданған», – деді этнограф Болат Бопай.

Кейбір аймақтарда бұл өсімдік түрі арамшөп ретінде саналса, ал Калифорнияда гүл атаулының символы болып есептеледі екен. Жалпы гүлдеу уақыты барлық жерде бірдей. Шамамен көктем мезгілінің аяғы мен жаздың басында. Сондай-ақ оны далалық жерлерден бөлек, бау-бақшаларда өсіруге де болады екен. Бірақ оған аса күтім керек дейді мамандар.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы