Бүгін экологиялық кодекстің нормаларын талқылау барысында осы сұрақ жан-жақты қаралды
Алматы аспанын қою түтін мен шаң тозаңнан тазарату үшін не істемек керек? Бүгін экологиялық кодекстің нормаларын талқылау барысында осы сұрақ жан-жақты қаралды. Ауқымды бағдарламаны таныстыру үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Алматыға арнайы келді. Нәтижеде қала әкімдігі мен Экология министрлігі арасында ұзақ мерзімді серіктестік орнату бойынша меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаладағы ауаның ластануына зор әсер ететін негізгі екі фактор бар. Ол – жылу электр стансалары мен күн сайын қалада жүретін 700 мыңнан астам автокөлік. 2 қаңтарда Ел президенті қол қойған экология кодексі Алматы үшін өте маңызды құжат. Себебі онда 2-ші жылу электр станса жұмысын табиғи газға ауыстыру мәселесі бар. Ауқымды жоба сәтті жүзеге асса зиянды заттар көлемі 38 мың тоннадан 7 мың тоннаға дейін қысқарып, қоршаған ортаға зиян келтіретін газдардың үлесі 6 есе төмендейді деп болжанып отыр.
«Соңғы екі жыл ішінде экологиялық кодекстің жаңа редакциясын дайындау бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Экологиялық кодекс Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің халықаралық тәжірибесі негізінде әзірленді. Осы құжаттың маңыздылыңы ретінде оның адам өмірі мен денсаулығы қолайлы өмір сүруін қамтамассыз ету. Ірі және шағын бизнестің қоршаған орта саласында бүкіл қоғамның өміріне әсер ететінін айта кету керек», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзум Мырзағалиев.
Қала басшылығы экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында газбен жүретін қоғамдық көліктерді көбейтіп жатыр. Мәселен, өткен жылы жаңадан 150 автобус сатып алынды.
«Алматы қаласы әкімінің қаулысына сәйкес өткен жылдан бастап, дизельмен жүретін қоғамдық көлікті сатып алуға тыйым салынды. Одан бөлек табиғатқа зиян келтірмейтін 14 электр автобус қатынай бастады. Жыл соңына дейін тағы осындай 37 автобусты пайдалануға беру жоспарланып отыр», – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов.
Осылайша, қала әкімдігі мен экология министрлігі бірлесіп меморандумға қол қойды. Келісім шеңберінде қаланың экологиялық мәселелерін кешенді шешу жұмыстары жоспарланған.
Алматының ауасы, әсіресе, қыс мезгілінде ластана түседі. Өйткені жекеменшік сектордағы үйлер көмір жағады. Қала әкімдігі бұл мәселені де оңтайлы шешіп келеді. Еліміздегі ірі банктермен бірлесіп, газ кіргізу үшін пайызсыз несие беру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін көгілдір отынға тегін қосу да қарастырылған.
Ұлағат Арғын, Сағынтай Нұрғали, «Алматы» арнасы