Жылына 2 миллион тонна көмір отыны жағылады
Алматыда орналасқан 2-ші Жылу электр орталығын көгілдір газға ауыстыру мәселесі талқыланып жатыр. «Алматы электр станциялары» мекемесінің өкілдері 2024 жылы көмір қалдығын сақтайтын орын болмай қалады дегенді алға тартуда. Олар қолданыстағы қазандық агрегаттарын бөлшектеп, олардың орнына жаңа қазандық салуды ұсынған. Ал қала белсенділері мұндай ұсынысқа өз пікірлерін білдіріп, жылу электр орталығын газға алмастырудың тиімсіз екенін айтты. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Қаланы жылумен 60 пайызға, ал электр энергиясымен 40 пайызға қамтып отырған 2-Жылу электр орталығында жылына 2 миллион тонна көмір отыны жағылады екен. Одан 1 миллион тоннаға жуық күл шығарылып, арнайы қоймаларда сақталады.
Қала маңында орналасқан нөмірі екінші ЖЭ Орталығында жағылған күл қалдығы мына жерде екі жылдан бері сақталып келеді. Күл ауаға шығып жергілікті тұрғындарға зиянын келтірмеуі үшін сумен араластырылады. Қазір мұндай қойманың үшеуі бар. Мәселен, мына жерде 3 млн тоннадай күл сақталып жатыр.
Аталған үш қойманың екеуіне күл-қоқыс сулы күйінде жиналады. Олар әр кезең сайын босатылып, алмастырылып отырады. Яғни, бір қоймада қалдық шамамен 2-2,5 жыл уақыт сақталып, толған соң күл сақтау процесі екінші қоймаға ауыстырылады. Қазір мұндай циклдың 5 кезеңі өтіп, барлығы 16 млн тонна күл шығарылыпты.
«Ал ендігі мәселе келесі кезеңде күл қоқысты шығаруға орын табылады. Ары қарай жоба бойынша 2024 жылы мына күл қоқысты шығарып, уақытша сақтайтын орын болмайды», – деді «Жылу электр орталығы – 2» күрделі құрылыс бөлімінің басшысы Манат Бектұрған.
Сондықтан да мамандар қолданыстағы қазандық агрегаттарын жаңадан жасап, отын ретінде көгілдір газды тұтынуды ұсынып отыр. Бұл жұмыстарды іске асыруға кем дегенде 98 млрд теңге қаржы кететін көрінеді.
«Қазіргі таңда осы мәселені шешуге техникалық, экономикалық негіздеме жасалып жатыр. Онда жылу электр орталығын газға ауыстыру нұсқасы қарастырылуда. Көгілдір отынға ауыссақ, бізде қазір туындап тұрған күл сақтау мәселесі шешіледі», – деді «АЛЭС» АҚ даму жөніндегі басқарушы директоры Газий Исмухамбетов.
Әйтсе де мекемедегілер шетелдік және отандық ірі компаниялардан көмір қалдықтарын қайта өңдеу мәселесіне қатысты ұсыныстар жоқ емес екенін айтады.
«Көмірден алынған қалдықтарды құрылысқа пайдалану туралы ұсыныстар болды. Оның ішінде шетелдік те, отандық та компаниялар болған еді. Олар күлді жол құрылысына пайдалануды көздеген болатын», – деді «АЛЭС» АҚ даму және трансформация жөніндегі басқарушы директоры Серік Қалиев.
Ал қала белсенділері жылу электр орталығының көгілдір отынға көшуіне үзілді-кесілді қарсы. Олардың сөзінше, мұндай жұмысты инженерлік тұрғыдан іске асыру қиын әрі көп уақытта алады. Олар станцияның тек белгілі бір бөлігі ғана жаңарып, қалғаны ескі күйінде қалатынын айтады. Белсенділер көмір отынын тұтыну әдісі қала берсе дейді. Тіпті, дәл осындай жылу электр орталығын жаңадан салуды ұсынып отыр.
«Еуропа, Азия елдерінің соңғы 20 жылдың тәжірибесіне сүйенсек, көмір отынын тұтыну әлі күнге ең экологиялық тиімді үдеріс болып қала бермек. Бұл елдерде күл қайта өңделіп, қолданысқа енгізіледі. Сонымен қатар, қазіргі жобаны іске асыру үшін неліктен 9 жыл кетеді? Жобаның түсініксіз, негізсіз тұстары көп», – деді «Чистый воздух Алматы» тобының сарапшысы Александр Ли.
Қала әкімдігінде белгілі болғандай, қазір бұл мәселені жан-жақты талқылау жүріп жатыр. Аталған мәселе бойынша қазан айында да бірқатар талқылау болады. Ал «Самұрық-Қазына» мен әкімдік арасындағы меморандумға сәйкес, соңғы қорытынды техникалық-экономикалық негіздемені желтоқсанда тапсыруы керек.
Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы