Алматы қаласының оқушылары мен білімгерлері қоршаған ортаның тазалығын қолдайды
Алматы қаласының оқушылары мен білімгерлері қоршаған ортаның тазалығын қолдайды. Бір жарым айдың ішінде елдегі мыңға жуық жас экобелсенділер экологиялық әдепті дәріптеп, түрлі тазалық акцияларына тегін қатысуда. Осындай игі бастаманы қолдаған ЮНЕСКО Федерациялық Клубы «Менің Эко-Ізім» марафонын ұйымдастырды. Ондағы көтерілген басты мәселенің бірі - елімізде жыл сайын жинақталатын 6 миллион тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу болды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіттің бейнематериалында.
Алматылық 15 жасар Жасұлан Төлеубеков шаһар экологиясының тазалығына атсалысып жүрген экобелсенділердің бірі. Оның басты ұраны - «табиғатты аялау». Тіпті отбасымен карантин уақытында 118 келі қағаз бен 2 келіге жуық пластика материалын қоқысқа тастамай, жинап, өткізген. Ал, 6 аптаға созылған марафонға қатысу барысында қалдықты кәдеге жарату жолдарын үйреніпті.
«Біз Қазақстандағы қалдықтарды сұрыптайтын зауыттар туралы білдік. Мал шаруашылығында қалдықтарды тиімді игеру туралы және құрттар мен құстарды қалай пайдалануға болатыны айтылды. Мені алаңдататыны – қазір көптеген адамдар тазалықты сақтамайды, қоқысты әр жерге тастайды. Оны сұрыптау қажет. Мен еліміздің таза болғанын қалар едім», – деді экобелсенді Жасұлан Төлеубеков.
Жалпы «Менің Эко-Ізім» марафонына қоршаған ортаның тазалығын сақтауға ниет білдірген 12 мен 25 жас аралығындағы 1300 адам қатысуда. Ал, игі шараны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген экобелсенді Пакизат Сайлаубекова еріктілермен бірге жиі сенбіліктер жасап, тау мен өзен жағаларындағы қоқыстарды жинақтап, өңдеуге көмектеседі.
«Бізде көптеген еріктілер тобы бар. Әсіресе, білімгерлер мен мектеп оқушылары көп. Олар қоқыстарды тегін тазалауға қатысады. Көгалдандыру секілді экологиялық іс-шараларды да жібермейміз. Кейде осындай жасыл кеудеше мен қалпақ киіп, қалдықтарды қоқыс жәшігіне дұрыс тастау қажеттігін дәріптейміз. Егер кофенің ыдысы болса, онда ол өңдеуге жарамайды. Ал, пластмассалық бөтелке болса, қайта өңдеуге жарайды. Сондықтан арнайы жәшікке салу қажеттігін айтамыз», – деді экобелсенді Пакизат Сайлаубекова.
Қазіргі уақытта еліміздегі барлық 3 мың қоқыс алаңында 125 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жинақталған. Оларды қайта өңдеу үлесі 15 пайыз. Яғни, өңдеу жұмысы 6 есеге ұлғайған. Алайда бұл халықаралық стандарт бойынша төмен нәтиже. Мәселен, өзге дамыған елдерде бұл көрсеткіш 30 пайыздан асады екен. Ал, алматылық тұрғындардың сөзінше, бұған басты себеп – экологиялық сауаттылықтың жоқтығы мен арнайы қоқыс жәшіктерінің болмауы.
Десе де, елімізде түрлі-түсті қоқыс жәшіктерін орнату бойынша пилоттық жобалар біртіндеп іске асуда. Алдағы уақытта қоқыс полигондарының көлемін қысқартып, қайта өңдеу саласын дамытуға мүмкіндік береді.
Аяулым Көлжігіт, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы