«Жасыл Алматы» бағдарламасының аясында мыңдаған ағаш пен жасыл желек отырғызылған
Алматыда табиғат жанашырлары бір жылға жуық уақыттың ішінде 200-ден астам экологиялық заң бұзушылықты анықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал «Жасыл Алматы» бағдарламасының аясында мыңдаған ағаш пен жасыл желек отырғызылған. Қазір экологтар қаланың шеткі аймақтарын көгалдандыруға ерекше мән беруде.
«Жасыл Алматы» бағдарламасы аясында шаһарда 135 мың түп көшет пен 8 мыңдай ағаш отырғызылған. Тағы 257 мың түп жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр. Олардың басым бөлігі Алатау, Наурызбай, Жетісу аудандарында пайда болады. Мұндай бастамаға былтыр қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мұрындық болған еді.
«Алматы экологиялық таза, жасыл желекті қалаға айналуы керек. Алдағы үш жылда 1 миллион түп ағаш отырғызуымыз қажет. Сонымен қатар, демалыс орындары мен саябақтарда да көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіледі. «Жасыл Алматы» бағдарламасы сол үшін жасалды», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Жалпы қалада екі мыңнан астам ағаш бар. Оның 77 пайызының жағдайы жақсы ағаштар болса қалған 23 пайызының жай-күйі әлсіз. Қоғам өкілдері қаладағы саябақтарды арттыру маңызды деген пікірде.
«Мен қоғам өкілі ретінде қаладағы саябақтардың санын көбейтуді ұсынған едім. Әсіресе шаһарға кейін қосылған аудандарға сондай бақтар ауадай қажет екенін алға тарттық. Бірақ бір жылда біраз жұмыстар атқарылды. Сондай жобалардың ең ауқымдысы бұл, менің ойымша, миллион ағаш отырғызу бастамасы деп білемін. Ағаштарды отырғызу бір бөлек, енді оны күтіп баптап, уақытылы суғаруға көп мән берілгені дұрыс», – деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Сергей Пономарев.
Жасыл қорды толықтыру үшін экология белсенділері бірнеше жобаларды қолға алған. Мәселен, «Табиғат» экологиялық ұйымы қаланың төменгі бөлігінде орналасқан Алатау ауданында дендро-саябақ жасау үшін ағаш отырғызу керек екенін ұсынған. Мұндай жобаны қала әкімдігі де қолдап отыр. Бұдан бөлек қоршаған ортаға зиян келтіргендерді анықтап, жауапқа тартуды қолға алған.
«Адамдар қоршаған ортаға немқұрайлы, заңға қайшы әрекеттер жасайтындықтан, біз арнайы эко-патруль жобасын ойлап таптық. Қазір бұл жоба қарқынды жүріп жатыр. Біз табиғатты қорғау мамандарымен, прокуратура және аудандық экологтармен біріге отырып жұмыс жасап жатырмыз. Сондай-ақ, табиғатты ластауға түрткі болған жайларды анықтауға қарапайым тұрғындар да атсалысады. Көбіне заңсыз ағаш кесу, зақымданған көшет отырғызу, суға қатысты мәселелер кездеседі», – деді «Табиғат» экологиялық ұйымы төрағасының орынбасары Тимур Елеусізов.
Ал карантин кезінде Алматының ауасы тазара түскенін байқаған едік. Мұны мамандар да растап отыр. Қалалық жасыл экономика басқармасының мәліметінше, карантинде транспорттың азаюына байланысты ауа ластануы 5-тен 2 дейгейге дейін түскендігі дәлелденіпті.
БЛИЦ:
– Менің ойымша қазір карантинге байланысты алдында машиналар көп жүргендіктен экология нашарлау болатын, чем қазіргіге қарағанда.
– Коронавирус хорош это тем что воздух чистый природа дышит. Мы все наслаждались возухам чистым.
Жуырда ғана ауа сапасын анықтайтын 26 датчик орнатылған болатын. Онда көрсетілген бар ақпарт менің артымда тұрған мынадай лед-экрандарға шығып тұрады. Қазір мұндай құрылғылардың 16 данасы жұмыс істеп тұр, ал 16-сы алдағы уақытта іске қосылмақ.
Қала экологиясын барынша қолайлы қалыпқа келтіру үшін жүйелі жұмыстар жасалып жатыр. Бұл мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылған. 2022 жылға дейін ауа атмосферасындағы зиянды заттарды 123 мың тоннадан 94 мың тоннаға дейін азайту көзделген. Ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 48,4 мың тоннаға дейін түсуі керек.
Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы