Елорда экологиясы қалай жақсарды

Елорда экологиясы қалай жақсарды
Елбасы елорданы әлемдік үлгідегі әдемі ғимараттармен көріктендіруге ғана емес, оның экологиясына да ерекше мән берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елбасы елорданы әлемдік үлгідегі әдемі ғимараттармен көріктендіруге ғана емес, оның экологиясына да ерекше мән берді. Қолайсыз климаттық жағдайды жақсартып, қала халқының жайлы өмірі мен демалысына жағдай туғызу мақсатында 1996 жылы «Астананың жасыл белдеуін» құру мәселесін қолға алды. Осылайша елдің бас қаласының төңірегінде орман алқабы пайда болды, деп хабарлайды Almaty.tv

«Алғашқы отырғызған ағаштардың биіктігі 20 метрден асып, орман болды. Оның ішінде адамдардың демалатын жерлері болды. Атпен жүретін, велосипедпен жүретін, одан бері жеміс-жидек жинайтын болды. Оған қоса жануарлар көбейіп жатыр. Климат жыл санап жақсарып келе жатыр. Қазір мына орманның арқасында жел де азайды. Экологияны жөндеуге өте үлкен пайдасы бар», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Шынымен мамандар желдің орташа жылдамдығы біртіндеп төмендеп келе жатқанын айтады. Мәселен, 1998 жылға дейінгі кезеңмен салыстырғанда соңғы жылдары шаңды дауылдың қайталануы 3 есе, боран 1,5 есе және тұман 35-тен 21 жағдайға дейін қысқарыпты. Бүгінде бораннан қалқан, шаң-тозаң мен күшті желден қорған «жасыл белдеудің» екінші кезеңі де сәтті жүзеге асырылуда.

«1997 жылы бұл жер жазық дала болатын. 20 жылдың ішінде осындай өзгерістер болды. Қазіргі таңда астананың жасыл белдеуінің аумағы 14 800 гектарды құрайды. Оның ішінде 9 миллион 600 мың ағаш, 1 миллион 800 мыңға жуық бұталар өсіп-өніп жатыр. Осы жылы жоспар бойынша 890 151 жасыл көшет отырғызу жоспарланған. Оның қазіргі таңда 452 266 данасы отырғызылып көктемгі жұмыстар аяқталды», – деді «Астана Орманы» ЖШС жетекшісі шебері Ерболат Шортыбаев.

«Жасыл белдеу» ішінде қазір қайың, ұсақ және жалпақ жапырақты шегіршін, қарағай, көде, боз жиде, терек, сары қарақат, көріктал және шие секілді ағаштардың 30-ға жуық түрі өседі. Бұл жерде 20 шақырымдық велосипед жолы да бар.

Жайқалған жасыл орманға жыл сайын қырғауыл ұшырылады. Бүгінде қоян, қарсақ, елік, бұлан  секілді жануарлар мен аңдар мекендейді. Елбасы ендігі орманнан ұлттық бақ жасау мақсатын қойып отыр. Ал, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін Қазақстан бойынша 2 миллиард ағаш отырғызу бастамасын қолға алды.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы            

Новости партнеров