Жобаға қазір 1280 адам тіркелген
Табиғатты қорғау мәдениеті бала кезден қалыптасады. Алматыдағы №21 гимназия оқушылары мұны нақты іспен көрсетіп жүр. Білім ордасында қолға алынған «Экохаб 21» жобасы балалардың экологиялық сауатын арттырып, оларды қоршаған ортаны қорғауға бағытталған волонтерлік бастамаларға тартуды көздейді. Оқушылар қалдықтарды сұрыптап қана қоймай, экологиялық акцияларға қатысып, табиғатты қорғау жұмыстарына атсалысады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қалалық «Таза мектеп», «Таза қоғам» және «Жасыл мектеп» жобалары аясында құрылған «Экохаб 21» бастамасы бірнеше бағытты қамтиды. Оқушылар пластик бөтелкелер мен қақпақтарды, макулатураны және шыны ыдыстарды жинайды. Кейін сұрыпталған қалдықтарды қалалық Экохабқа өткізеді. Әр қатысушы арнайы QR-код арқылы тіркеліп, тапсырған шикізаты үшін ұпай жинайды.
Жобаға қазір 1280 адам тіркелген. Оның 600-700-ге жуығы белсенді қатысады. Бастаманы ата-аналар да қолдап отыр. Олардың арасында эколог мамандар бар. Олар балаларға шеберлік сабақтарын өткізіп, қайта өңделетін материалдардан түрлі бұйым жасауды үйретеді.
«Бастаманың мақсаты – оқушыларға экологиялық білім беріп, оны нақты іспен ұштастыру. Ата-аналардың қолдауы да ерекше. Олардың арасында экологтар бар, олар балаларға шеберлік сабақтарын өткізіп, қайта өңделетін материалдардан түрлі бұйым жасауды үйретеді», – деді №21 гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ольга Гладких.
Жобаның алғашқы нәтижелері де бар. Былтыр гимназия оқушылары 7 келіге жуық пластик қақпақ жинап, қала бойынша бірінші орын алған. Одан бөлек, оқу орнында арнайы экология комитеті жұмыс істейді. Әр бейсенбі сайын «Таза мектеп» акциясы ұйымдастырылып, оқушылар ұстаздарымен бірге мектеп аумағын тазалайды.
«Біз жаңа бастамалар ұсынып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған түрлі іс-шараларға атсалысамыз. Екі апта сайын жиналған пластик қақпақтардың нәтижесін саралап, жұмыстың барысын бақылап отырамыз. Осындай жобалар әрқайсымызды табиғатқа жанашыр болуға және экологиялық мәселелерге бейжай қарамауға үйретеді», – деді 11-сынып оқушысы Альдиана Сыздықова.
«Мектепте әр бейсенбі сенбіліктер ұйымдастырылады. Оған оқушылармен қатар мұғалімдер мен ата-аналар да қатысады. Осындай ортақ жұмыс бізді біріктіреді. Сонымен қатар экологиялық мәселелерге арналған жобалар әзірлеп, идеяларымызды жүзеге асыруға мүмкіндік аламыз», – деді 11-сынып оқушысы Милана Гебгарт.
Қаланың өзге мектептеріндегі оқушылардың экологиялық бастамалары да мектеп қабырғасымен шектелмейді. Алдағы уақытта мұндай жобаларды таулы аймақтарда да жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Тау кластерін дамыту жобалары аясында балаларға арналған танымдық үйірмелер мен спорттық бағыттар қарастырылған.
«Біздің мақсатымыз – кәсіби спортшыларды дайындау емес, балаларды бұқаралық спортқа тарту. Бала жаңа спорт түрін байқап көріп, табиғат аясында уақыт өткізуге мүмкіндік алуы керек. Егер қызығушылығы мен қабілеті болса, кейін спорт мектебінде немесе секцияларда жаттығуын жалғастыра алады», – деді қалалық дене шынықтыру және спорт оқу-тәжірибелік орталығы директорының орынбасары Рашид Әубәкіров.
Экологиялық жобалар аясында мектеп сыныптарын көгалдандыру, тазалық акциялары мен танымдық сабақтар да өткізіледі. Бастысы – балаларды қауіпті аумақтарға шығармай, қауіпсіз ортада табиғатқа жанашыр болуға үйрету.
Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков, Almaty TV