Экономист Мақсат Халық Бақытжан Сағынтаевтың Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында осы жылдың 5 айындағы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есебіне пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Әкім өз есебінде экономика саласында ілгерлеушілік барын айтып өтті. Нақты айтатын болсақ, экономиканың нақты секторын – өндіріс-өнеркәсіп саласы мен құрылыс саласында өсім бары байқалады. Сонымен қатар, қала әкімі 0,2 пайызға ғана өскен көлік және логистика саласын айтып отыр. Өткен жылы осы сала қатты зардап шеккен болатын. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де артқан. 32,7 пайыз. Нақты соммасы 355, 4 млрд теңгені құрап отыр. Әрі мемлекеттік бюджетке салықтан түскен қаржының көбейгенін атап өту керек. 1 трлн 100 млрд теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіштер көңілге үміт сыйлайды. Бұдан бөлек іскерлік индексінің де жақсарып келе жатқанын айтқан дұрыс. Бұл алдағы уақытта да экономикадағы жандану, ілгерлеу фазасының орын алатынын көрсетеді», – деді Мақсат Халық.
Сонымен қатар, экономист инфляцияны реттеу мәселелерін, соның ішінде азық-түлік бағасын тұрақтандыруда қандай тетіктердің іске асырылатынын айтты.
«Маңызды салалардың бірі рентінде инфляциямен күрес саласын көрсетер едім. Әлі де болса реттеу керек, мемлекет араласуы керек саланың бірі. Қазір баға тұрақтамай, күнделікті қолданыстағы тауар бағасы қымбаттап жатыр. Соның ішінде азық-түлік те бар. Осыған орай әкім есебінде тұрақтандыру қорында 8 млрд теңге болса, қазір оны 10 млрд теңгеге дейін ұлғайтқанын айтты. Осы арқылы қазірдің өзінде жетпей жатқан, тапшылық тудырып жатқан азық-түлік тауарларының алдын аламыз. Әлеуметтік маңызы бар 19 тауарға бағалық шек қойып отырмыз, демек. Бұл әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың қатты қымбаттамауына өз септігін тигізеді», – деді экономист.