Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр
Қазақстанда күнбағыс тұқымдарын экспорттауға квоталар енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
"Қазақстан аумағынан жекелеген тауарларды әкетудің кейбір мәселелері туралы" ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 5 шілдедегі бұйрығымен ел аумағынан күнбағыс тұқымдарын әкетуге шектеулер (квоталар) енгізіледі", - делінген құжатта.
Оған сәйкес, бір өтініш берушіге 500 тоннадан аспайтын күнбағыс тұқымын шығаруға рұқсат етіледі. Жалпы лимит – 15 мың тонна.
Шектеулер 8 шілдеден бастап енгізіледі және 30 қыркүйекке дейін күшінде болады.
Күнбағыс тұқымын әкетуге шектеулер азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіледі.
Бұл ретте бұйрық қолданысқа енгізілген күнге дейін ҚР және ЕАЭО кеден заңнамасына сәйкес экспорттың кедендік рәсімі бойынша шығарылған тауарлар Қазақстан аумағынан кедергісіз өтеді.