Несиені тек қайтара алатындарға беру қажет – Тоқаев

06.03.2020 в 05:27

Бүгінде елімізде жеке тұлғалардың несиесі 13 триллионнан асып кеткен

Отандық банктер табысы төмен қазақстандықтарға несие беруін тоқтатқан жоқ. Ал, адамдар қаржылық ұйымдардың «мейірімділігін» көргенімен,  қарызға белшесінен батып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Той-думандарды өткізуге, тіпті тұрмыстық техника мен киім-кешекке де қарыз алады. Салдарынан елімізде проблемалы несиелер саны күрт өскен. Алайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың табысы төмен азаматтарға несие беруге тыйым салу керек деген тапсырмасы бар. Бұл ретте нендей шаралар қолға алынып жатыр?

22 жасар Асылғали Нұрғалидің басында үш кредиті бар. Қарағандылық университеттің сырттай бөлімінде оқитын студент несиесін төлеу үшін күні-түні жұмыс істейді. Ал несиесіз өмір сүру мүмкін емес деген ойда.  

«Негізі Қазақстанда кредитсіз өмір ол өмір емес деп айта аламын.  Өзіңнің тапқан айлығың жетпейді.  Мысалы, 95 мың айлық алсаң, оның өзі квартираға кетіп қалады. Ақша жетпейді. Амалсыздан аласың кредитті.  Мен өзім студентпін. Үш кредитім бар», – деді Асылғали НҰРҒАЛИ.

Асылғали несие алып жүрген көптің бірі. Сауалнамаға тартылған 10 шақты адамның бір емес, банк алдында бірнеше берешегі бар.  

БЛИЦ: 

1 Әрине, дұрыс емес, бірақ аламыз.  Тойға аламыз. Балаларға бірдеңе керек болғанда аламыз. Көлік керек болса, несииеге аламыз. Амалсыздан аламыз.

2 Бізде үйдің кредиті, содан кейін тағы ондай-мұндай, мебель. Жалпы несие алған жақсы.

3 Әрбір адамда көп ақша жоқ. Сондықтан кредит алады.  Бірақ пайызы жоғары.

Жүргізілген сауалнамадан байқағанымыз: халықтың басым бөлігі банктен несие алады. Негізінен балаларын оқыту, жас жұбайларға ұланасыр той жасап беру және ем-дом алу үшін банк көмегіне жүгінеді екен. Алайда сарапшылардың айтуы бойынша, кейін банк алдында берешек болып, төлей алмай қиналатын жағдайлар өте көп.

«Бірақ біздің қазақстандықтар кейбір кезде несие алған кезде өздерінің мүмкіндіктеріне қарамайды.  Инвестициялық жобалардан гөрі, өзінің бүгінгі күндегі тұтыну мәселелеріне жұмсайды.  Құдалық, той, соғымды несиемен алуға әдеттеніп қалған. Бұл дегеніміз бүгінгі күнде сол ақшаны таба алмай жатқан адамның  күн сайын  өсіп жатқан бағаны,  инфляцияны ойламауы, несиені қайтарып беру мүмкіндігі азайып жатқанын  байқамауы », – деді экономист Сапарбай ЖОБАЕВ

Бүгінде елімізде жеке тұлғалардың несиесі 13 триллионнан асып кеткен. Ал біздің жинақтағы ақшамыз бар болғаны 17 триллион. Жалпы ішкі өніміміз 60 триллион десек, жинақтау 50 пайызға дейін жетуі тиіс. Алайда олай емес.

«Еліміздің қаржы жүйесі әлсіз. Дертке шалдыққандай. Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеу агенттігіне мәселені шешу үшін шара қолдану керек. Несиені тек қайтара алатындарға беру қажет», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Президенттің қадап тапсырған сөзіне қатысты қандай шаралар атқарылып жатқанын қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сұрадық. Алайда жауапты ведомтсво толыққанды жауап айтпады. Бастысы, қарыз алғанда мүмкіндігіңді ескеру қажет дейді сарапшылар.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Алматы телеарнасы Нұр-Сұлтан