ШОБ арналған жеңілдетілген несие беру бағдарламасының шарттары өзгерді

27.07.2022 14:31

Жаңартылған бағдарламаның шарттарына сәйкес жеңілдетілген несиелер бойынша ең жоғары мөлшерлеме 7%-дан 6%-ға дейін төмендетілді

cleverence.ru

Алматы қаласы әкімдігі  мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бірлесіп, Almaty Business өңірлік бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізіп, шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілеріне жеңілдікпен несие беру шарттарын жетілдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Атауы Jana Business деп өзгертілген бағдарламаның қатысушылары Алматы қаласында тіркелген және еңбек ететін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бола алады.

Жаңартылған бағдарламаның шарттарына сәйкес жеңілдетілген несиелер бойынша ең жоғары мөлшерлеме 7% - дан 6% - ға дейін төмендетілді. Несиенің максималды сомасы 100 млн теңгені құрайды, несиелеу мерзімі - 7 жылға дейін.

Jana Business бағдарламасының тағы бір жаңалығы – өнеркәсіптік парктер субъектілеріне жылдық мөлшерлемесі 6%-бен 500 млн теңгеге дейінгі сомада 7 жылға дейінгі мерзімге несие алу мүмкіндігі қарастырылды.

Сауда операцияларының тиімділігін арттыру мақсатында Jana Business бағдарламасында факторингтік мәмілелерді жылдық 8,5% мөлшерлеме бойынша қаржыландыру мүмкіндігі көзделеді.

Факторинг механизмі сатып алушыға төлемді кейінге қалдыра отырып, тауарды немесе қызметті сатып алуға мүмкіндік береді. Осындай мәміле шеңберінде факторингке мамандандырылған қаржы институты (фактор) белгілі бір комиссия үшін өнім берушіге тауардың немесе қызметтің құнын төлейді және оның орнына сатып алушыдан дебиторлық берешекті шартта көрсетілген уақыт арқылы алу құқығына ие болады. Факторинг тетігін пайдалану кәсіпкерлерге тауар айналымының мерзімін арттыруға және кассалық алшақтықты болдырмауға мүмкіндік береді.

ШОБ субъектілеріне жеңілдікпен несие беру екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары және лизингтік компаниялар арқылы жүзеге асырылады. Кепілдікті қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда кәсіпкерлер «Даму» Қорының кепілдіктерін пайдалана алады.

ALMATY Business өңірлік бағдарламасы 2019 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Оны жүзеге асыру барысында Алматы қаласы бойынша 27,3 млрд. теңгеге 211 жоба қаржыландырылды, 1 340 жұмыс орны құрылды, 26,6 млрд. теңге салық түсімдері қамтамасыз етілді. Талдау нәтижесі көрсеткендей, жобалардың 53% - дан астамы негізгі құралдарды, жабдықтарды, шикізат пен материалдарды сатып алу мақсатында қаржыландырылады.