|
13.06.2019 | 09:22
1650

Қордан берілетін жәрдемақы артады – Сапарбаев

Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының төлемақыларын 30 процентке арттыру жоспарланып отыр

Қордан берілетін жәрдемақы артады – Сапарбаев

Парламент мәжілісінде міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры туралы заңға енгізілетін өзгерістер қаралды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, келесі жылдан бастап мүгедектерге, асыраушысынан айырылғандарға және еңбекке қабілеттілігін жоғалтқандарға қордан төленетін жәрдемақыны орта есеппен 30 процентке арттыру жоспарланған.

«Мысалы, азаматтың орташа айлық табысы - 100 мың теңге. Ол 7 жыл жұмыс істеп, әлеуметтік төлемдер жасап отырды делік. Бұл азамат еңбек ету қабілетінің  65 процентінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем мөлшері қолданыстағы формула бойынша 22 988 теңге болады. Ал жаңа формула бойынша 31 080 теңге алады. Яғни өсім - 35 процент», - деді Сапарбаев заң жобасының бірінші оқылымында.

Министрдің айтуынша, аталған төлем жұмыс істеп, әлеуметтік қорға аударым жасаған адамдарға ғана беріледі. Оған қоса, мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Бүгінде екінші топтағы мүгедектің жәрдемақысы 45 436 теңгені құрайды. Сонда қордан берілетін төлемақымен бірге санағанда жалпы жәрдемақының бір айлық сомасы 76 518 теңге болады.

Бұдан бөлек, асырауда қалған адамдардың санына байланысты қолданылатын коэффицентті арттыру көзделген. Яғни, асырауында бір адам болса, коэффиценті 40-тан 50-ге, екі адамға – 50-ден 65-ке, үш адамға 60-тан 80-ге, төрт және одан да көп адам болса, 80-нен 100 процентке дейін көтеру жоспарланып отыр.

«Мысалы, азаматтың орташа айлық табысы – 100 мың теңге. Ол 7 жыл жұмыс істеп, әлеуметтік аударымдарды төлеген болса, онда асыраудағы бір балаға әлеуметтік төлемнің мөлшері қолданыстағы формула бойынша 18 390 теңгені, ал заң жобасындағы жаңа формула бойынша 23 907 теңгені құрайды. Демек, мемлекеттік жәрдемақы сомасын қосқанда, жалпы төлемнің сомасы айына 49 448 теңгеге жетеді», - деді Сапарбаев.

Сондай-ақ, жұмыстан айырылғандарға қордан төлемақы беру мерзімі алты айға дейін ұзарады.

Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде алты айға дейінгі әлеуметтік төлем тек жұмысынан штаттың қысқартылуы және заңды тұлғаның таратылуы бойынша айырылған жағдайда тағайындалады. Жаңа заң жобасында ондай мәселелерге назар аударылмайды.

Сондай-ақ, қорға бес жылдан артық уақыт бойы жалақыдан жарна аударған адамдарды бағалау коэффиценті көтеріледі. Бүгінде аталған көрсеткіш 1,0-ден аспайды. Заң жобасы бойынша қорға бес жылдан артық уақыт қатысқандардың коэффиценті әр жыл сайын 2 процентке артып отырады. Соның арқасында төлемақыны көптеп алуға болады.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне бес жылдан көп қатысқан азаматтардың саны 3 миллион 400 мың адамды құрады. Бұл – барлық қатысушылардың 55 проценті.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир