Егіншілерге берілетін бюджеттік несие екі есе ұлғаюы мүмкін

10.03.2022 15:00
ult.kz

Биылғы егіс және орақ жүмыстарына берілетін бюджеттік несиенің мөлшерін екі есе ұлғайту көзделіп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қазқпаратқа сілтеме жасап.

«Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» желісі бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына кредит беруге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлінді.

Бүгінгі күні «Кең дала» бағдарламасы аясында ресми түрде 77,6 млрд теңге сомасына ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден 2673 өтінім келіп түсті. Оның ішінде:

– 24,1 млрд теңге ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің 720 өтінімі қаржыландырылды;

- 40,4 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің 1748 өтінімі мақұлданды;

- 13,1 млрд. теңгеге 205 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өтінімі қаралуда», - деді министрлік өкілі.

Оның айтуынша, қазір министрлік тарапынан көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін қаржыландыру көлемін қосымша 70 млрд теңгеге ұлғайту, бюджеттік кредиттеуді 140 млрд теңгеге дейін жеткізу мәселесі пысықталып жатыр.

«Бұл ретте, 70 млрдтеңге мөлшерінде қосымша қаражат бөлінген кезде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолжетімді кредиттеумен қамту ұлғайтылады. Бұл қосымша шамамен 1300 жобаны қаржыландыруға мүмкіндік береді», - деді Айдарбек Сапаров.