Биыл 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

11.08.2021 15:12

Көрсеткіштің өсуі 10,3%-ды құрады

Құрылыс жұмыстарының көлемі 11,1 пайызға өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында биылғы жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуды талқылау кезінде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Ағымдығы жылдың жеті ай ішінде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 11,1%-ға өсіп, құрылыс секторы жоғары қарқын көрсетуде. Көрсеткіштің оң өсімі барлық өңірлер бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Түркістан және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды», – деді Ә. Ерғалиев. 

Оның айтуынша, тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша да оң динамика байқалуда. Биылғы қаңтар-шілдеде 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Көрсеткіштің өсуі 10,3%-ды құрады.

«Есепті кезеңде барлық өңірлер оң өсім көрсетті. Ең жоғарғы өсім Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалды»,  деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, осы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,7 пайызды құрады.