Үкіметтің экономикалық саясаты халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталады

12.01.2022 15:25

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты

Фото: ашық дереккөзден

Үкіметтің экономикалық саясаты халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Үкіметтің экономикалық саясаты, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталатын болады. Ашық әрі теңдестірілген принципке сай бюджет және фискалдық саясат қалыптастырылады. Салықтық-кедендік әкімшілендірудің батыл шаралары қосымша табыс көздерін қамтамасыз етеді. Жеке секторды экономикалық өсу драйвері ретінде дамыту мақсатында бәсекелестікті дамыту арқылы шағын және орта бизнесті күшейтуге баса назар аударылады», – деді министр. 

Оның айтуынша, шағын кәсіпорындарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары тиімді және қолжетімді болады. 

«Мемлекеттің экономикадағы үлесі оны жекешелендіру және бәсекелес ортаға беру арқылы қысқартылады. Мемлекеттік активтерді басқару тәсілдері қайта қаралады. Жалпы, қаржы-экономикалық блок бойынша толыққанды пысықталған шаралар Үкіметтің жаңа бағдарламасын әзірлеу барысында ұсынылатын болады», – деді Бақыт Сұлтанов.