Қазақстан халқының саны 18 млн 468 мың 900 адамға жетті

14.06.2019 15:29

Оның 7 млн 717,5 мыңы ауылда тұрады

Қазақстан халқының саны 2019 жылдың 1 мамыры бойынша 18 млн 468 мың 900 адамға жетіп, 2018 жылдың 1 мамырынан бері 239 900 адамға артты, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.

Тарқата айтқанда, Қазақстандағы қалалар халқының саны 10 млн 751,4 мың, ал  ауыл халқы 7 млн 717,5 мың адамды құрайды. Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында республикада 1 жасқа дейінгі 1 138 бала шетінеген (өткен жылдың қаңтар-сәуір айларында 1 095 бала).

Бала өліміне негізінен перинаталды кезеңдегі жағдайлар себеп болып жатады. Осы себептер бойынша қаңтар-сәуір аралығында 584 бала көз жұмған (өткен жылдың ұқсас кезеңінде 506). Ауытқумен туған балалардың 223-і (өткен жылдың ұқсас кезеңінде 239) өмірден өтті.

Тыныс алу мүшесінің ауруынан 92 бала, қайғылы жағдайлар мен уланудан, жарақаттардан 37 бала шетінеген. Осы жылдың қаңтар-сәуір айларының аралығында Қазақстанға келушілердің саны 10,8 пайызға азайып, қоныс аударғандар  саны 23,4 пайызға артты.

Миграциялық ағын көбінесе ТМД елдеріне қатысты болып отыр. ТМД-дан келген және кеткендердің үлесі 83,4 пайыз және 89 пайызды құрады. Ел ішіндегі миграция 15,7 пайызға көбейді.

Аймақаралық сипатта оң айырма елдің төрт облысында  Маңғыстау облысы (579), Шымкент қаласы (2 768), Нұр-Сұлтан (8 463) мен Алматы (9 363) қалаларында байқалады.