Қазақстан-Катар іскерлік кеңесінің отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Әлібек Қуантыров екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Вице-министр Қазақстан Катарды Араб түбегі елдері арасындағы маңызды әріптес ретінде қарастыратынын еске салды. Оның айтуынша, бүгінде елдер арасында тұрақты және қарқынды дамып келе жатқан сауда-экономикалық байланыс орнатылған. Соңғы 8 жылда Қазақстан мен Катар арасындағы сауда көлемі 9 есеге жуық өсті.
«Біз қаржы және банкинг саласында, оның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының платформасында, ауыл шаруашылығы, жер қойнауын пайдалану, жүк-жолаушылар әуе тасымалы, қорғаныс-өнеркәсіп кешені, гуманитарлық салада елеулі перспективаларды көріп отырмыз», – деді Ұлттық экономика министрінің орынбасары.
Әлібек Қуантыров сауда-экономикалық өзара іс-қимылды жандандырудың негізгі құралы Қазақстан-Катар бірлескен комиссиясы болып табылатынын атап өтті.
Вице-министр отырысқа қатысушыларды Қазақстандағы ағымдағы экономикалық жағдаймен таныстырды. Ағымдағы жылғы 7 айда Қазақстан экономикасы 2,7%-ға өскенін көрсетті.
Сонымен қатар, ведомство басшысының орынбасары инвесторларды қолдаудың жаңа құралы – инвесторларға 25 жылға жеке қолдау шараларын қарастыратын Инвестициялар туралы келісім жайында айтып берді.
«Халықаралық сарапшылар Қазақстан экономикасындағы мемлекеттік қаржы мен кредиттік бейіннің тұрақтылығына қатысты оң үрдістерді атап өтуде. Moody's рейтингтік агенттігі осы жылы 2006 жылдан бері алғаш рет Қазақстанның тәуелсіз рейтингін Baa3-тен Baa2-ге дейін көтерді: болжам «Тұрақты». Биыл Қазақстан IMD жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде алдыңғы 35 елдің қатарына кіріп, өткен жылғы рейтингпен салыстырғанда 7 тармаққа көтерілді», – деді Қуантыров.