Нұрымбетов 2020 жылдан бастап мемлекет тарапынан бюджеттік салаға қатысты бірқатар шара қолға алынатынын атап өтті
ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша, еңбек қатынастарын реттеу шараларын жетілдіру туралы өткен баспасөз конференциясында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жалақысы аз жұмыскерлердің жалақысын арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді, деп хабарлады премьер-министрдің ресми сайты.
Бүгінгі таңда еңбек қатынастары мәселесі өте маңызды әрі өзекті мәселелердің бірі. Жалпы, Үкіметтің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің назарындағы негізгі жұмыстар халықтың жалпы табысын арттыруға бағытталған, оның ішінде жұмыс істеп жүрген азаматтардың еңбекақысын арттыру да бар.
"Төмен жалақы алатындардың мәселесіне келсек, бізде еңбек заңнамасында тек төмен жалақы мөлшері реттелген, басқасының бәрі жұмыс берушінің құзырында. Сондықтан Елбасы жолдауына сәйкес, жыл басынан бері Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге – 28 000 теңгеден 42 500 теңгеге дейін артты", — деді министр.
Оған қоса, оның айтуынша, 25 АЕК дейін, яғни 63 000 теңгеге дейінгі көлемде еңбекақы алып жүрген азаматтардың салық жүктемесі 10 есе азайтылған.
Биыл 1 маусымнан бастап бюджет саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы 30%-ға артты.
"Жыл басынан бері елімізде 2,7 мың кәсіпорын аз жалақы алып жүрген 1,2 миллион жұмыскерінің жалақысын орта есеппен 32,5%-ға көбейтті. Әлі де болса, еліміздегі кәсіпорындардың жартысына жуығы қызметкерлерінің табысын өсірген жоқ. Сондықтан, кәсіпорындар басшыларын осыған атсалысуға шақырамыз. Азаматтардың табысы өскен сайын ел тұрғындарының әл-ауқаты да арта түспек", — деді Нұрымбетов.
Бұл ретте, 2020 жылдан мемлекет тарапынан бюджеттік салаға қатысты бірқатар шара қолға алынады. Атап айтқанда, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы 25%-ға, мәдениет саласындағы қызметкерлердің еңбекақысы 35%-ға, кейбірінің жалақысы 50%-ға дейін, әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақысы 30-60%-ға дейін көбейеді.
"Мемлекеттік еңбек инспекциясы мен прокуратура жергілікті және шетелдік қызметкерлердің еңбекақысының тең болуын қамтамасыз етуді талап етуде. Компаниялардың көбі қазақстандықтардың жалақысын өсіріп жатыр, дегенмен, шетелдіктердің жалақысын төмендету фактілері де бар. Яғни, бұл жұмыс берушінің шешіміне байланысты. Бастысы, ол талаптарды орындауы тиіс – бірдей лауазымдарда, бірдей атқарылатын жұмыста және біліктілігі тең жағдайда еңбекақы мөлшері бірдей болуы керек", — деді Б. Нұрымбетов.
Оның мәліметінше, Қазақстанда жұмыс істеуге берілген 681 рұқсат қағазы қайтарып алынды, 393 шетелдік жұмыскер елден шығарылды.