Девальвация болады деген құр қауесет
Қазақстанда Президент сайлауынан кейін девальвация болады деп алаңдауға негіз жоқ, деді ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков.
«Мұнай бағасына, рубль бағамына, депозиттердің долларсыздану деңгейіне қараңыз, девальвация болады дегенге құр қауесеттен басқа ешқандай фактор жоқ», – деді Смоляков.
Ол бұдан бұрын Ұлттық банктің сайтында алтын-валюта активтеріне байланысты өзгерістер туралы ақпарат жарияланғанын еске салды, деп жазды zakon.kz.
«Біздің интервенцияларымыздың статистикасын көре аласыз. Валюта бағамына қатысты түрлі тәуекелдер жайында жұрт айта береді, біз өткенде бірінші тоқсан қорытындысы бойынша төлем баланысының статистикасын жарияладық. Бізде тауар мен қызмет көрсету бойынша операциялар сальдосы 800 млн доллар плюсте. Ал былтыр бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш бойынша 900 млн доллар минуста болған», – деп түсіндірді Смоляков.
Оның сөзінше, сайлаудан кейін теңге мен доллар бағамының айтарлықтай ауытқуы мүмкін емес.
«Ұсақ-түйек ауытқу күнде болады. Ал үлкен ауытқулар мүмкін емес. Бұрын ақша-кредиттік режим басқа болған, бұрын байланған курс режимінде өмір сүріп келдік. Қазір режим басқа», – деп түйіндеді Олег Смоляков.