Биылғы жылдың басынан бастап жаңадан берілген тұтынушылық қарыздардың 88%-ын 3 банк берген
Қазақстанда тұтынушылық кредит алушылар саны өскен. Бұл туралы Almaty.tv тілшісі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«2021 жылы 8 айдың қорытындысы бойынша тұтынушылық қарыздар 2020 жылмен салыстырғанда едәуір жеделдеп (2020 жылы тұтынушылық қарыздар 4,3%-ға ұлғайды), 5,4 трлн теңгеге дейін 23,8%-ға немесе экономикаға кредиттердің 33%-на (жыл басында 30%) ұлғайды. Осы көрсеткіштің өсуі ағымдағы жылы ЖІӨ мен халық табысының номиналды өсімінен едәуір асып түседі, бұл тұтынушылық кредит беру нарығындағы тәуекелдердің артуын растайды», – делінген агенттік хабарламасында.
Биылғы жылдың басынан бастап жаңадан берілген тұтынушылық қарыздардың 88%-ын 3 банк: «Kaspi Bank» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Сбербанк» АҚ ЕБ қамтамасыз етті.
Ал мемлекеттік кредиттік бюроның деректері бойынша қарыз алушылардың көпшілігінде, яғни 72%-да, кредиттер бойынша берешегі борышының орташа сомасы 1 млн теңгеге дейін орташа алғанда 339,2 мың теңге болады.
Тұтынушылық кредиттер бойынша қарыз алушылардың негізгі үлесі еліміздің ірі қалалары – Алматыда (24,1%), Нұр-Сұлтанда (9%), Шымкентте (7%) шоғырланған.