Премьер-министр: Қазақстанда негізгі азық-түлік тауарлары толық көлемде қамтамасыз етілген

15.03.2022 16:13

Қазақстанда Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын іске асыру ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемін арттыруға бағытталған

primeminister.kz

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында орта мерзімді кезеңге арналған Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары қаралды, деп хабарлайды  Almaty.tv  тілшісі Премьер-министр сайтына сілтеме жасап.

ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев баяндама жасады. Соңғы жылдарда бүкіл әлемде азық-түлік тауарларына деген сұраныс пен оның бағасы күрт өсіп барады. Сондықтан отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу арқылы ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету бірінші орынға шығып отыр. 

ҚР Премьер-министрі атап өткендей, өндіріс көлемі ұлғайтылмаса, тұтынудың өсуі сөзсіз импортқа тәуелділікке және азық-түлік қауіпсіздігі деңгейінің төмендеуіне әкеледі. 

«Мемлекет басшысы 2022 жылғы сын-қатерлер мен тәуекелдерді ескере отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын бірнеше рет атап көрсетті. Осыған байланысты тиісті Жоспар әзірленген болатын. Қазіргі жағдайда бұл құжаттың маңыздылығы одан сайын арта түскенін көріп отырмыз», — деді Ә. Смайылов.  

Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі — еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі. Бүгінде Қазақстан негізгі азық-түлік тауарларымен толық көлемде қамтамасыз етілген және қазір ешқандай да алаңдаудың қажеті жоқ. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде бірінші кезектегі міндет – азық-түлік тауарларының нақты қолжетімділігін, олардың дүкендер мен базарлардың сөрелерінде жеткілікті болуын қамтамасыз ету. Осы бағытта Жоспарда көзделген іс-шаралар егіс алқаптарын әртараптандыру, мал шаруашылығын кешенді дамыту, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, сақтау және логистика инфрақұрылымын дамыту есебінен жүзеге асырылатын ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемін ұлғайтуға бағытталған. ҚР Премьер-Министрінің айтуынша, нарықты азық-түлікпен толықтыру шаралары азық-түлік өндірісі мен тұтыну теңгерімін ескере отырып жүргізілуі тиіс.

«Бағаны реттеудің қолданыстағы механизмдерінің тиімділігін бағалау керек. Сондай-ақ бағаларды әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарын адрестік қолдауға көшу үшін ұсыныстар дайындау қажет. Бағаларды әкімшілік механизмдермен ұстап тұру нарықтық тәсілдерге жатпайтынын білеміз, сондықтан бағаларды тұрақтандырудың басқа да әдістерін қолдану қажет», — деді Ә. Смайылов. 

Сонымен бірге Жоспар аясында форвардтық жеткізулер жүйесін дамыта отырып, АӨК және сауда субъектілерінің арасында ұзақ мерзімді тұрақты шаруашылық байланыстарды орнату шараларын да қарастыру керек. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шығарылатын тамақ өнімдерінің сапасы да маңызды орын алады. Бұл бағытта ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау, тамақ өнімдерін сертификаттау жұмыстарын жетілдірудің маңызы зор. Ә. Смайылов сондай-ақ аграрлық ғылымды дамыту қажет екенін атап өтті. 

«Ғылыми зерттеу процестерінің интеграциясын, кадр дайындау және ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуді қамтамасыз ету керек. Бұл үшін Жоспарда аграрлық университеттер базасында құрамына аграралық ғылыми институттар мен тәжірибелік шаруашылықтарды қоса отырып, зерттеу орталықтарын құру бойынша нақты міндеттерді қарастыру қажет», — деді ҚР Премьер-министрі.

Бұған қоса, Жоспарда көзделген іс-шаралар Өңірлік даму жоспарларында да қамтылуы керек.  

«Облыс әкімдеріне азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты KPI бекітілуі тиіс», — деп түйіндеді Ә. Смайылов.