2020 жылы жергілікті бюджеттерге 2 трлн теңге субвенция беріледі - Сенат Төрағасы

Almaty.tv
Almaty.tv
Бюджет – қала мен ауылдағы адамдардың лайықты өмір деңгейін қамтамасыз етудің басты тетігі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

2020 жылы республикалық бюджеттен жергілікті қазынаға 2 трлн теңге субвенция бөлінеді. Бұл туралы бүгін Қазақстан мәслихаттарының 25 жылдығына арналған республикалық конференцияда еліміз Парламент Сенатының төрайымы Дариға Назарбаева айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұдан бөлек жергілікті мәслихаттардың міндеті сараланды. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жиналған жиында ширек ғасырда атқарылған жұмыстарға баға берілді.

Сенат төрайымы Дариға Назарбаева алдымен мәслихат депутаттарын құттықтады. Сосын бірден олардың жұмысындағы кемшіліктер мен міндеттеріне тоқталды. Бюджет - бұл қаладағы, ауылдағы, елді мекендегі адамдардың лайықты өмір деңгейін қамтамасыз етудің басты тетігі екенін атап өтті. Сол себепті мәслихат депутаттары әкімдіктермен бірге өз өңірінің, ауыл-аймақтарының бюджет қаражатын тиімді бөлу үшін бірдей жауапкершілікке ие екеніне естеріне салды. Қазына қаржысын шашау шығармай мақсатты жұмсалуына әр депутат баса көңіл бөлу керектігін айтты.

«Субвенция көлемінің өсімі облыстық және қалалық мәслихаттарға, тексеру комиссияларына барынша жоғары талап қояды. Басымдықтар дұрыс таңдап, сапалы жоспарлау қазақстандықтардың өмірін жақсартуда шешуші рөлге ие болады. Мәслихат депутаттары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары өз аумақтарындағы проблемалардың барлығын да жақсы білетіндігі сөзсіз. Соған сәйкес олар мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге, тірек және спутниктің елді мекендердің тізбесін түзуге барынша белсенді қатысуы тиіс», - деді ҚР Парламенті Сенатының төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВА

Сонымен қатар Сенат төрағасы қазіргі уақытта Қазақстан Үкіметі 2025 жылға дейін өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеп жатқанын және оған мәслихат депутаттары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары араласуы тиістігін баса айтты. Әсіресе экология мәселесіне ерекше тоқталды. Сенат спикерінің айтуынша, кәсіпорындар ағын сулардың шамамен 50 пайыздан астамын тазартпастан ағызып жібереді. Қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыруға арналған 3 500-ден астам полигонның 17 пайызы ғана санитарлық нормаларға сай. 2018 жылы қайта өңделген және жойылған тұрмыстық қалдық үлесі небәрі 11,5 пайызды құраған.

«Таяуда Сенатта біз су мен су үнемдеу, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды жинау және қайта өңдеу проблемалары туралы айттық. Қоршаған ортаның ластануы, су сапасының нашарлығы адамдардың денсаулығына әсер етіп, өмірлерін қысқартады. Экологиямызды, туған жерімізді сауықтыру бойынша жедел нақты шаралар қажет. Олай болмаған жағдайда жеріміз үлкен қоқыс алаңына айналады», - деді ҚР Парламенті Сенатының төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВА.

Бұдан бөлек, мәслихаттардың нормашығармашылық қызметке тартылған мамандарының біліктілігі төмендігі айтылды. Осы жылдың 9 айында ғана прокуратура органдары әкімдіктер мен мәслихаттар қабылдаған 608 құқықтық актіні заңдарға сай келмеуіне байланысты жойып, кейбірін өзгерткен. Мәслихаттар қажетті кадрлармен, ұйымдастырушылық және қаржылық ресурстармен қамтамасыз етілуі тиіс, деген тағы бір міндет жүктелді. Алқалы жиынға Алматы қалалық мәслихаты атынан келген жас депутат Михаил Грачев конференцияда айтылған бұл міндеттерді алдағы уақытта өз жұмысымда жүзеге асыруға тырысамын деді.

«25 жыл деген көп те, аз да емес. Бірақ атқарылған жұмыс ауқымды. Тындырар тың тірліктер де баршылық. Әр депутат өзінің аймағын дамыту жолында аянбай еңбек етуі тиіс. Өйткені ол халық атынан сайланды. Сондықтан жауапкершілік зор. Мәслихаттар құрамында мен секілді жастардың бары қуантады. Бүгін мен мәслихат тарихын білдім, көтерілген проблемаларды өзіме түртіп алдым», - деді Алматы қалалық мәслихатының депутаты Михаил ГРАЧЕВ.

Ал, Алматы қалалық мәслихатының төртінші шақырылымында депутат болған Виктор Бөлекбаев қазіргі таңда жергілікті атқарушы билік пен халық қалаулылары ару қала Алматыда ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын мақтанышпен айтты. Әсіресе соңғы жылда тұрғындардың әл-ауқатын, қаланың инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүргізілген жұмыстарға ерекше тоқталды.

«Қаламызға жаңа әкім келгелі шаһардың шеткі аумағына айрықша көңіл бөліне бастады. Бұған дейін орталыққа көп көңіл бөлгеніміз шындық, шеткі жақтар сырт қалып жатты. Бүгінгі күні газ тарту, сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу жұмыстары қолға алынып, қаланың әсемденуіне үлкен ден қойылуда», - деді Алматы қалалық мәслихатының ардагері Виктор БӨЛЕКБАЕВ.

Конференция соңында ел дамуына еңбек сіңірген депутаттарға мерейтойлық медаль мен Құрмет грамоталары, алғысхаттар табысталды.

Новости партнеров