11,5 жылға берілген қарыздың пайыздық мөлшерлемесі 2,5 пайыз
Бюджет тапшылығын жаба алмаған біздің Үкімет тағы 345,7 миллион еуро қарыз алатын болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін Сенат депутаттары «Қазақстан мен Халықаралық Қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз бойынша келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Дүниежүзілік банктің қарызы біздің елге 11,5 жылға берілмек.
«Биылғы жылдың 2 шілдеде ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес 345,7 млн еуро сомасындағы Қарыз туралы келісімге 24 тамызда қол қойылды. Қарыз толығымен бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталатын болады. Қаражат республикалық бюджетте көзделген әлеуметтік және басқа да мақсатқа арналған бюджет шығысын жабуға мүмкіндік береді», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
11,5 жылға берілген қарыздың пайыздық мөлшерлемесі 2,5 пайыз. Сенат депутаты Бекболат Орынбековтың айтуынша, Ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемесі көп болғандықтан, шетелден қарыз алуға тура келген. Халықаралық Қайта құру және даму банкі бұл ақшаны Қазақстанға бірқатар жеңілдіктермен беріп отыр.
«Республикалық бюджетте 4,2 трлн тг қарыз бар. Соның ішінде бір трлн ақшасы осы қарыз алғаннан кейін шешімін табады. Оның ішінде 2 ай көлеміндегі әлеуметтік салаға, 457 млрд ақша жаңағы денсаулық, білім саласына, 340 млрд қауіпсіздікке қатысты 700 миллионнан астам қаржы бар», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков.
Сенат отырысынан кейін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев елдегі құнсызданудың қашан төмендейтінін айтты. Оның айтуынша, келесі жылдың соңында инфляция қазіргі деңгейінен екі есе түсуі мүмкін. Бірақ бұл болжам ғана. Ал қымбатшылықтың шыңы 20 пайызға дейін жетіп барып, азаяды.
«Ендігі жылға бюджетте көрсетілген мөлшерлеме 7,5-9,5 пайыз аралығын қамтиды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша сол көрсеткішке жетсек, жақсы нәтиже деп есептеу керек. Себебі сол кезде 2 есе төмен түсейін деп тұр ғой», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Сондай-ақ Ерұлан Жамаубаев Парламенттің төменгі палатасындағы 3 партияға бюджеттен жыл сайын 8 миллиард теңге бөлінетінін де айтты.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана