Бұл туралы "Үй алайық" ипотекалық компаниясының жетекшісі Мәдина Болатханқызы айтып берді
"Отбасы банк" 1 қазаннан бастап жылдық пайыздық мөлшерлемені көтереді. Бұған дейін көрсеткіш 7% болса, бұдан бұлай 11,5%-ға дейін артады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл өзгеріс қандай бағдарламаларға қатысты және тұрғын үй нарығына қалай әсер етеді? Бұл туралы "Үй алайық" ипотекалық компаниясының жетекшісі Мәдина Болатханқызы айтып берді.
– Мәдина Болатханқызы, қазан айынан бастап аралық несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі өседі. Өзгеріс тұрғын үй нарығына қалай әсер етеді?
– Бұған алаңдаудың қажеті жоқ. Себебі аталған пайыз осыған дейін депозит ашып, еш ақша жинамаған, депозиті болса да ақша салмаған адамдарға қатысты. Аталған өзгерістің мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алғысы келетіндерге қатысы жоқ. Тек аралық тұрғын үй несиесіне сараланған пайыздық мөлшерлемелерге қолданылады. Яғни үй құнының 50%-ын жинап, депозитке ай сайын қаражат салмаған, бірақ бірден ипотека алғысы келетіндерге, бағалау көрсеткіші 5-ке жетпегендерге қатысты.
– Ал мөлшерлемені төмендетудің қандай жолдары бар?
– Біріншісі, депозит сатып алу. Туысқандарыңыздың бұрыннан бар депозитін атыңызға аударып ала аласыз. Болмаса басқа депозит сатып алуға болады. Сол арқылы пайыздық мөлшерлеме төмендейді және артық төлем аз болады. Барлығы банктің сайты арқылы жүзеге асады. Сонда ипотека алушының бағалау көрсеткіші жоғары болады. Ал бағалау көрсеткіші жоғары салымшыларға банк несиені төмен пайызбен береді. Екінші жолы, үй бағасының 50%-ын банкке салып қойып, 6 ай күту. Бірақ аталған әдістің өзіндік қауіп-қатері бар. Яғни 6 айдың ішінде тұрғын үй бағасы қымбаттап кетуі немесе табысыңыз өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан қазір үй бағасының 50%-ын құйып баспана алуды жоспарлап отырғандарға шот сатып алу ең тиімді әдіс деп айтар едім.
– 1 қазанға дейін үй алуға асығып жатқандар көп шығар?
– Әлбетте, көпшілік аталған жаңалықты дұрыс түсінбей қалды. Бұрыннан депозит ашып, ақша жинап жүргендер де уайымдап, 1 қазанға дейін ипотека рәсімдеуге асығуда. Сондықтан әлеуметтік желі арқылы, кеңес беру кезінде де түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
– Қазір қандай бағдарламамен үй алу тиімді?
– Негізі жылдан-жылға үй қымбаттауда. Сондықтан дәл қазір қандай бағдарламаның талаптарына сай келіп тұрсыз, сол бағдарламамен алған дұрыс. Егер үй дайын болса, "7-20-25" бағдарламасымен рәсімдеп, пәтер брондауға болады. Себебі жуырда ғана сатыла бастаған бір тұрғын үй кешенінде 1 бөлмелі пәтер 18 млн теңге тұрған, 1 айдың ішінде оның бағасы 20 млн теңгеге дейін шарықтады. Бүгін де табыс көзін растамай пәтер алатын жобалар да бар. Сондықтан алғашқы салымды жинаған адамдарға баға тұрақты болып тұрғанда пәтер алуды ұсынамыз.
– Жалпы тұрғын үй нарығы туралы айта кетсеңіз. Баспана бағасы арзандай ма?
– "7-20-25" бағдарламасы келесі жылдың бірінші тоқсанында аяқталады. Одан кейін тағы әлеуметтік бағдарламалар басталуы мүмкін. Баға арзандамайды, қымбаттайды. Сәл түсіп, бірақ қайта шарықтап кетуі мүмкін. Статистикаға қарасаңыз, Ұлттық статистика бюросының тамыз айындағы ресми мәліметтері бойынша, 2008 жылдың шілдесінен бері бірінші рет жаңа үй құны 0,1%-ға төмендеді, қайталама жылжымайтын мүлік 0,4%-ға қымбаттады, жалдау ақысы бірден айына 12,4%-ға өсті. Бірақ жаңа тұрғын үй бойынша жылдық өсім 18,3%-ды, қайталама тұрғын үй бойынша 25,8%-ды құрады. Яғни тамызда 0,1%-ға арзандағанымен, бір жылда баға 18,3%-ға өскен. Айырмашылық өте үлкен. Алдағы уақытта несие, ипотека алу да қиындайды. Менің болжамымша, пайыздық мөлшерлеме өседі, жаңа жылдан кейін үй қымбаттайды.
– Қазақстанда 590 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр. Кезекке тұрмағандар қаншама. Оларға жылдамырақ баспаналы болудың қандай жолын ұсынар едіңіз?
– Оның бір ғана жолы бар. Ақша жинау. Жинай алмаса, көбірек еңбек ету керек. Балабақшада, мектепте жұмыс істейтін көп балалы жалғыз басты аналардың 80 мың теңге жалақысын жинап, үй алғанын бірнеше рет көрдім, таңқалдым. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар 150 мың теңге айлығымен үй бағасының 20%-ын жинап пәтер алып жатады. Бүгін бізге 4 баласын бағып жүріп, 3 млн теңге жинаған келіншек келді. Ол таңертең бір мектепте, түстен кейін бір мектепте сабақ беріп, кешке сауда орталығында қосымша жұмыс істейді. Адам ақша жинаймын деп мақсат қойса, сол ойына жете алады. "Біреу бай болу үшін мың себеп табады, біреу бай болмау үшін мың сылтау табады". Бастысы – мақсат қою қажет.
– Ал баспана кезегінде тұрғандар не істеуі керек?
– Көп адамдардың қателігі, үйдің кезегіне тұрады да мемлекеттен қоңырау шалып, шақырып тегін үй береді деп ойлайды. Сатып алу құқығынсыз пәтер жалға алуға берілуі мүмкін. Бірақ жылжымайтын мүлік иесінің атына ауыстырылмайды. Қазір тегін үй деген жоқ. Бірақ кезекке тұрып, мемлекеттік бағдарламамен үй алуға болады. Кезекке қашан тұрғаны маңызды емес. Бір ай бұрын тұрсаң да, мемлекеттік бағдарламаға өтініш беріп, пәтер алуға болады. Қорыта айтқанда, мемлекетке міндет етпей, үйдің алғашқы салымын жинау керек.
– Пайдалы кеңестеріңізбен бөліскеніңізге рахмет!