Еңбек саласында күрделі кемшіліктерді анықтаған COVID-19 пандемиясы жаппай жұмыссыздыққа әкеп соқтыруы мүмкін. Ал бұл әлеуметтік, экономикалық және саяси күйзеліске алып келеді. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ жаңалықтары сайтына сілтеме жасап.
«COVID-19 пандемиясы еңбек нарығын түгел өзгертті. Өзгеріс әрбір жұмыскер, әрбір кәсіпорын, жер шарының түкпір-түкпіріне әсер еткен. Жүздеген миллион адам жұмыстан айырылды», – деп мәлімдеді БҰҰ басшысы, ұйымның «COVID-19 пен еңбек нарығы» атты жаңа зерттеуін таныстыру кезінде.
Антониу Гутерриш дағдарыстың бірінші айында экономиканың бейресми секторында еңбек етіп жүргендердің табысы 60 пайызға қысқарғанын атап өтті. Көптеген компаниялар мен олардың қызметкерлері еңбек жағдайының өзгеріп жатқан жағдайына бейімделе бастаған. Мысалы, миллиондаған адам онлайн режимдегі жұмысқа ауысты. Көп жағдайда қашықтан еңбек ету жемісін бере білген. Алайда барлық жұмыс онлайн режимде атқарыла алмайды. Оған қоса, пандемия кезеңінде бірқатар қызмет сұраныстан шығып қалған. Экономистер жабылуға тура келген шағын және орта кәсіпорындар енді қайта ашылмайтынына алаңдап отыр. Себебі олар пандемия салдарынан жұмысын жалғастыра алмайды. Осыған байланысты Бас хатшы өзі ұсынған жаңа зерттеуге сүйене отырып, барлық мемлекеттерге қауіпті топқа кіретін кәсіпорындар, олардың жұмысшыларына тез арада қолдау көрсетіп, жұмыс орындарын сақтап қалуға, жабылмауына көмектесуді ұсынды.
«Дағдарыстан кейін еңбек саласы бұрынғыдай болып қалмауы тиіс. Барлық азаматтар үшін лайықты жұмыс орындарын құратын үйлестірілген жаһандық, өңірлік және ұлттық деңгейде күш салатын уақыт келді», – деп атап өтті БҰҰ хатшысы. Ол 2030 жылға дейінгі кезеңге тұрақты даму саласындағы тақырыпты ерекше назарға алып, бұл дағдарыстан мықты болып өтуге шақырды.