2022 жылы күнбағыс дәніне салынған квота арқылы күнбағыс майының өндірісі 67%-ға өсті. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«БАҚ-та күнбағыс дәнін шекарадан шығаруға экспорттық кедендік баж салығын енгізу тақырыбы қызу талқылануда. Бұл шикізаттың экспорттық ағындарын реттеудің болашақ механизмі және аздаған түсінбеушілік бар. Жақында Сауда және интеграция министрлігі нарықтың барлық мүдделі қатысушыларымен талқылаулар ұйымдастырды. Экспорттық кедендік баждың және тарифтік квотаның мәні мен міндеттерін түсіндіргім келеді», – деп жазды министр өзінің Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, күнбағыс дәнін экспортқа шығару көлеміне ешқандай шектеу жоқ және экспорттық баж қолданысқа енгізілмейді. 2021 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың қыркүйегіне дейін қолданыста болған күнбағыс экспортына квоталар аяқталды. 2022 жылғы қаңтар-қазан айларында 222,5 мың тонна экспортталды, квота ішінде – 140 мың тонна, бұл 2021 жылғы ұқсас кезең деңгейінен 76%-ға артық (126,4 мың тонна).
2022 жылдың қаңтарынан қарашасына дейін квота қолдану нәтижесінде елде күнбағыс майының өндірісі 67%-ға өсті. 204,8 мың тонна күнбағыс майы экспортталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Бұған 2021-2022 жылдары жаңа май кәсіпорындарының іске қосылуы да әсер етті (Qazaq Astyq Group, Бота-2015, Алтын Шығыс және басқалар).
«Осылайша, квоталардың арқасында біз тұқымның шикізат ретінде орташа жылдық экспорт көлемін сақтап, тазартылмаған майдың экспортын арттырдық. Экспорттық бажды қолдану, біріншіден – күнбағыс экспортының орташа жылдық деңгейін сақтауға, екіншіден – әлемдік нарықтарда жоғары сұраныс пен бағаның өсуі кезінде шикізатты елден шығарудың шамадан тыс көлемін тежеуге, үшіншіден – өзіндік өңдеуді, қосылған құны бар өнімді өндіру мен экспорттауды дамытуға жәрдемдеседі», – дейді С. Жұманғарин.
Экспорттық кедендік баж туралы бұйрық жобасы қазір көпшілік талқылауында, шамамен 2023 жылдың басында қолданысқа енеді. Кедендік бажды енгізу экспорт көлеміне еш шектеу көздемейді. Экспорттық баждан кейін тарифтік квота енгізіледі.
Бірінші кезеңде, экспорттық кедендік баж қолданысқа енгізілгенде экспортқа шығарылатын дәннің барлық көлеміне салық салынады. Екінші кезеңде – тарифтік квота енгізілгеннен соң баж тек белгіленген мөлшерден тыс әкетілетін көлемге ғана салынады.
Кедендік баж күнбағысты алыс шетелдерге және ТМД елдеріне әкетуге қолданылады, ЕАЭО туралы шартқа сәйкес квота ЕАЭО елдеріне қатысты қолданылмайды. Квотаны бөлу тетігі мен оның көлемі қазір мүдделі мемлекеттік органдармен, өндірушілермен және қайта өңдеушілермен бірлесіп талқылануда.
Қазақстанда майлы дақылдарды егу алаңы 1,4 есеге ұлғайып, 3 463,4 мың гектарға жетті. Биылғы қараша айының соңында 1,1 млн тонна күнбағыс жиналған.