Осы жылдың 9 айы ішінде мегаполистің негізгі капиталындағы инвестиция көлемі 608,2 млрд тг жетті
Алматының физикалық көлемінің индексі 112,6%-ды құрады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осы жылдың 9 айы ішінде мегаполистің негізгі капиталындағы инвестиция көлемі 608,2 млрд тг жетті.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте 2020 жылы пайдалануға берілетін инвестициялық жобаларды іске асыру қарқыны қаралды.
Ағымдағы жылдың 9 айында мегаполистің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 608,2 млрд теңгені құрады, ФКИ – 112,6%. Салыстыратын болсақ, 2019 жылдың осы кезеңінде инвестиция көлемі 534,6 млрд тг құраған еді.
Жыл басынан бері 179 млрд тг 34 жобасы іске асты. Оның ішінде 130,7 млрд тг 19 ЖТК және өңдеу өнеркәсібіндегі 32,6 млрд тг 7 жобасы. Олар автокөліктер шығаратын «Hyundai Trans Kazakhstan» зауыттары, қағаз өнімдерін шығаратын «Papirone», май өнімдерін шығаратын «Маслодел», автоматты қақпалар жасайтын «DoorHan». Бұлардан өзге, «Бротмастер», «Samruk Group», «Ala Estate» өндірістік парктері құрылды.
Әлеуметтік маңызы бар 3 нысан пайдалануға берілді, оның ішінде TAMOS&Prestige мектебі, Ш. Уәлиханов атындағы халықаралық мектеп, SEN көпсалалы музыка орталығы бар. Сондай-ақ, сауда және халыққа қызмет көрсету саласында 5 нысан салынды.
Жыл соңына дейін жалпы құны 454,3 млрд тг құрайтын 82 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Олар 67 ЖТК, өңдеу өнеркәсібіндегі 5 жоба – «Казферросталь» зауытының шаршы дайындамаларын шығаратын жаңа желіні іске қосу, жұмыс істеп тұрған «Интермультсервис» картон және қағаз шығаратын зауытты кеңейту, «Евразкабель» кабель өнімдерін шығаратын зауыттың екінші желісін іске қосу, «Г.С.Г. Высотник» автоклавталған ұялы газобетон өндіретін зауытты салу.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың соңына дейін сауда және қызмет көрсету саласында 82 жобаны іске асыру, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар нысандарды пайдалануға беру жоспарлануда.
Жалпы, 2020 жылдың қорытындысы бойынша мегаполистің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 900 млрд теңге деңгейінде, ФКИ –107% деп болжануда. Алматы әкімі Б. Сағынтаев жоспарланған индикаторларды орындау үшін инвестициялық жобалардың іске асу барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.