|
03.12.2019 | 21:30
14703

Қазақстанда марқұмдар мен көшіп кеткендердің атындағы 843 мыңнан астам жылжымайтын мүлік анықталған

Жыл басынан бері техникалық топ 25 миллионнан астам мәліметті өңдеп, 4 миллионға жуық қате ақпаратты жойды

Қазақстанда марқұмдар мен көшіп кеткендердің атындағы 843 мыңнан астам жылжымайтын мүлік анықталған

Қазақстанда меншік құқығын тіркемей жер актілерін беру бойынша көптеген деректер анықталып отыр. Мысалы, қайтыс болған немесе елден көшіп кеткен баспана иелері бойынша 843 мыңнан астам жылжымайтын мүлік туралы мәліметтер жазбалары сақталған. Осыған байланысты, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өмірден өткен немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге қоныс аударған адамдарға тиесілі мүліктерді иесіз деп тану шараларын қолға алмақшы. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Үкімет отырысында алдымен өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы талқыланды. Соңғы 5 жылда аталған бағдарлама аясында атқарылған жұмыс ауқымды. Мәселен, Қазақстанның ірі қалаларындағы, яғни Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент шаһарлары мен оларға іргелес елді мекендердің тұрғындарын қосқанда халық саны 1 млн. адамға артқан. Үкіметтің ендігі мақсаты - өсу «орталықтарын» дамыту, оларды басым түрде қаржыландыру болып  отыр. Ұлттық экономика министрінің сөзіне сенсек, бағдарлама шеңберінде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше назар аударылады.


«Ауылдарда шамамен 7 млн. ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы жақсарады. Адамдар сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Аудан және облыс орталықтарымен көліктік байланысы жақсаратын болады. Барлығы 1,3 трлн. теңге бөлу көзделеді, оның ішінде ауылдарды дамытуға 2026  жылға дейін 900  млрд. теңге бөлу туралы мәселе қосымша пысықталуда», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан ДӘЛЕНОВ.


Ұлттық экономика министрі ауылдардың ахуалы жақсарады деп баяндаса, ауыл шаруашылығы министрі бірден агроөнеркәсіптегі мәселелерді алға тартты. Атап айтар болсақ, ауыл шаруашылығында дақылдары түсімі төмен. Мал шаруашылығында өнімділік көңіл көншітпейді.


«Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің 60%-дан астамы мал шаруашылығымен емес, тек өсімдік шаруашылығымен айналысады, тиісінше олар халықты жыл бойы жұмыспен қамти алмайды. Ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығының тозу дәрежесі 80%-ға жетеді, қарыз қаражатына қолжетімділік, оның ішінде көктемгі дала жұмыстары үшін 2 жылға арналған «айналым» бойынша мәселелер бар», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан ОМАРОВ.


Бұдан бөлек, мемлекет шаруаларға мал шаруашылығын субсидиялау бойынша 36,8 млрд теңге берешек. Бұл ретте аталған ведомство басшысы Премьер-Министрден қолдау көрсетуді сұрады.


Сонымен қатар,Үкімет отырысында Қаржы министрлігінің 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру жөніндегі жұмысының нәтижелері қаралды. Мемлекеттік органдардың дерекқорларын жаңарту барысында 25 млн.-нан астам мәлімет өңделіп, 3,6 млн нан астам қате мәліметтер жаңартылған. Мысалы, Ішкі істер министрлігінің көлік желісі бойынша 4,5 млн мәліметтердің қате толтырылған 933 мыңы түзетіліпті. Ал, ауыл шаруашылығы министрлігінің жүйесінде  жер учаскелері бойынша 3,6 млн. мәліметтердің 116 мыңы жаңартылған. Бұдан бөлек, меншік құқығын тіркеусіз көптеген жер актілерін беру бойынша бірқатар фактілер анықталды.


«Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар жерге берілген актілерді тіркеуді қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдауы қажет. «Жылжымайтын мүлік тізілімі» ақпараттық жүйесіндегі жылжымайтын мүлік бойынша  өңделген 17,3 млн мәліметтердің 2,6 млн мәлімет жаңартылып, ретке келтірілді. Мысалы, қайтыс болған мүлік иелері бойынша 843 мың қате тарихи мәліметтер жазбалары анықталды», - деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары - қаржы министрі  Әлихан СМАЙЫЛОВ.


Премьер министр Асқар Мамин АӨК-тің субсидиялау бойынша берешегін жою шараларын қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін ауыл шаруашылығы, ішкі істер, әділет министрліктеріне, барлық мемлекеттік органдарға және әкімдіктерге, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясындағы деректер базасын жандандыруды аяқтауды міндеттеді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир