Бүгін Алматы мәслихаты мегаполисті «Шетсіз қала» принципі бойынша дамыту үшін бюджетті нақтылау жобасын қолдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Стратегия және бюджет басшысының міндетін атқарушы Жанар Жазылтаева өзінің сөзінде жұмыс жасайтын жастардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға, халықтың аз қамтылған санатына, олардың ішінде көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетуге, сонымен қатар жаңа бизнес-жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттарды беруге республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінгенін айтты.
«Шілде айында 15 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге қосымша 313 млн теңге бөлінеді. Жеті ауданда жаңа «Іскер ана» орталықтарын ашуға 143,6 млн теңге, сондай-ақ Бостандық пен Әуезов аудандарында 400 адамға арналған Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашуға 87, 7 млн тг бөлінеді», – деді Алматы қаласы Стратегия және бюджет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар ЖАЗЫЛТАЕВА.
Нақтыланған жергілікті бюджет 19,6 млрд теңгені құрайды. Бұл қаржы әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға және әкім берген тапсырмаға сәйкес «Шетсіз қала» принципі бойынша мегаполисті дамытуға жұмсалатын болады.
Білім саласында 204 мектепке оқулықтар алуға, «Орбита-3» ықшамауданындағы №40 мектепті, тілі мүкіс балаларға арналған №9 мектеп-интернатты сейсмикалық күшейтуге, №190 жаңа балабақша мен №187 ясли-бақшаны материалдық-техникалық жарақтандыруға қаржы бөлінеді. Бұлардан өзге, қаржы Түрксіб, Бостандық, Медеу аудандарындағы 13 ясли-бақшаларға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалады.
Әлеуметтік жобаларға ерекше назар аударылған. 616,5 млн теңге жеті ауданда «Isker Ana» орталықтарын және Бостандық ауданында белсенді ұзақ өмір орталығын ашуға, Әуезов ауданындағы ұзақ өмір орталығын жарақтандыруға бағытталған. Сонымен қатар, Алатау аудандық әлеуметтік әл-ауқат бөлімін «Open space» форматында қайта құруға және мемлекеттік атаулы көмекті қаржыландыруға жұмсалады.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылықты дамытуға 3 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 2 млрд теңге шет аймақтарды дамытуға, сумен жабдықтауға 373,5 млн теңге, жарықтандыруға 2,3 млрд теңге қарастырылған. Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 1 млрд теңге бөлінген. 11 ықшамаудандарда жолды жобалау және салу жұмыстары атқарылады, олар Түрксіб ауданындағы Нұршашқан, Қайрат, Әлмерек, Жас-Қанат; Алатау ауданындағы Самғау, Шапағат, Шаңырақ-5, Алғабас, Өжет; Наурызбай ауданындағы Құрамыс, Медеу ауданындағы Думан; Алмалы ауданындағы Әйтеке би көшесі.
«Қалалықтардың өмір сүру деңгейініің сапасын арттыру және аудандардың дамуындағы теңсіздікті жоюға 2 млрд теңге бағытталады. Бірінші кезекте сумен жабдықтау мәселесін шешуге 373,6 млн теңге бөлінді. Осылайша, Алатау ауданы «Өжет» ықшамауданының 8 мың тұрғынын сапалы ауыз сумен және су бұруымен қамтамасыз етуші желілерді қосу бойынша жұмыстарды аяқтауға 183 млн теңге бөлінетін болады», – деді Алматы қаласы Стратегия және бюджет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар ЖАЗЫЛТАЕВА.
Троллейбус желілерін модернизациялау мен дамыту, Алматы қаласында жаңа бағыттар ашу қарастырылған. Жол қозғалысын басқарудың автоматты жүйесін модернизациялау, реконструкциялау қаржыландырылады. Бұлардан өзге, жеті - Федоров, Боткин, Верди, Венецианов, Мартынов, Бродский, Брюсов көшелері мен Солтүстік айналма қиылысына жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Абаттандыру аясында 350,6 км арық желісі инвентаризацияланады, Жансүгіров көшесі бойындағы және Жас-Қанат ықшамауданындағы скверлер жөнделеді, 440 аулаға күрделі жөндеу жүргізудің жобасы жасалады.
Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін полицияның стационарлы және мобильді постыларын құруға қаржы қарастырылған.
Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамытуға, ШОБ жеңілдетілген несие бөлуге және кәсіпкерлердің «Qolday» орталығын құруға қаржы бөлінеді.