Нұр-Сұлтанда Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV Кеңесі өтуде

Нұр-Сұлтанда Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV Кеңесі өтуде
Жиынға Еуразияның 60-тан астам елінің делегациялары мен 16 халықаралық ұйым өкілдері келді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алпауыт елдер өзара диалогқа мән беруі тиіс». Елордада бүгін өткен Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV кеңесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәл осылай деді. Еліміздің Тұңғыш Президенті әлемнің алпауыт мемлекеттеріне маңызды деген келіссөздерді Қазақстанның астанасында жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» атауымен өткен форумға 60-тан астам елдің парламент делегациялары келіп, өзекті деген түйткілдерді заңмен шешудің амалдарын талқылады.

Жиынды ашқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, ең алдымен Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін тізіп өтті. Мәселен, еліміз әлемнің дамыған 50 мемлекеттің қатарына қосылған. Жалпы ішкі өнім 18 есеге өскен. Ал кедейшілік деңгейі 40-тан 4 пайызға дейін бірақ төмендеді. Соңғы 20 жылда елімізге 320 млрд доллар тікелей шетел инвестициясы тартылған. Нұрсұлтан Назарбаев келешекке қажетті маңызды қадамдарды атап, тек заңмен шешілетін бірқатар түйткілді атады.

«Парламентаралық қоғамдастық ішіндегі қатарды жұмылдыру және заңнамалық трендтердегі бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыру керек. Құқықтық актілерді ізгілендіру бөлігінде біраз шаруа жатыр. Мәселен, терроризмнің жалпы анықтамасын әзірлеу, террористік, экстремистік ұйымдардың, халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтардың бірыңғай тізімін жасау маңызды. Ал осындай өзекті түйткілдерді шешу үшін парламентарийлер дауысы континентте айқын әрі қаттырақ шығуын қолдаймын», – деді ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Ресей Федерациясы Федералды жиналысы мемлекеттік думасының төрағасы Вячеслав Володин де терроризммен күресудің маңыздылығына тоқталды. Айтуынша, террористік ұйымдардың бірыңғай тізімін құру жөніндегі заң әзірлеу парламентарийлердің мәселемен күрес бағытындағы сүбелі үлесі болмақ.  

«Терроризммен күресу үшін модельдік заң ұсыну қажет. Себебі кей террористік ұйымдарға бір елде тыйым салынса, кей мемлекеттерде еркіндік берілген. Сондықтан террористік ұйымдардың бірыңғай тізімін құру қажет. Бұл маңызды мәселені шешуде парламентарийлердің, халыаралық ұйымдардың сүбелі үлесі болмақ», – деді

 Ресей Федерациясы федералды жиналысы мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав ВОЛОДИН.

Есірткі трафигі, электронды және крипто-әмианды пайдалану арқылы интернетпен есірткі саудалау, заңсыз миграция. Кездесуге қатысушылар аталған мәселелерге заңнамалық тосқауыл қоюды да талқылады. Барша адамзаттың ядролық қарусызданудың жаһандық күресіне қосылу да сөз болды. Елбасы үшінші дүниежүзілік соғыс басталып, жаппай жою құралы қолданылған жағдайда бұл өркениет үшін соңғы шайқас болатынын алға тартты.  

«Соғыссыз, қорқынышсыз өмір, ертеңге, балаларымыз бен немерелеріміздің келешегіне деген сенімге мұқтаждық бұрыннан қалыптасты. Егер жаппай жою құралдарын пайдалануға жол берілсе, бұл бүгінгі өркениетке елеулі зардабын тигізері сөзсіз. Сондықтан барлық адамдар ядролық қарусыздану бойынша жаһандық күреске белсенді түрде қосылып, ғаламшардағы тіршілікті қорғауы тиіс», – деді ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Осы ретте Елбасы мемлекеттердің парламентарийлерін саясаткерлерге ықпал етуге шақырды. 1889 жылы құрылған парламентаралық одақтың басты мақсаты – саяси диалогқа жәрдемдесу екенін жеткізді. Осы ретте Кипр Республикасы Парламентінің төрағасы Деметрис Суллурис Қазақстан бейбітшілік пен өркендеуге зор үлес қосып жатқанын баса айтты. Осындай мықты жүйесі бар мемлекетпен сенімді серіктестікке үміттіміз деді.  

«Парламентарийлердің диалогы халықтардың түйткілдерін шешеді. Себебі қақтығыссыз, тек диалогпен көп мәселені шешуге болады. Осындай талқылаулар түрлі мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастықты нығайтады. Басқосу арқасында басқа елдермен, әсіресе Қазақстанмен серіктестік аясын кеңейтуге барынша тырысамыз», – деді  Кипр республикасы парламентінің төрағасы Деметрис СУЛЛУРИС.

«Қазақстанды тұрақтылық деңгейі мен табыс деңгейі үшін өте құметтеймін! Себебі Қазақстан соңғы 30 жыл бойы үлкен даму жолы мен процесін бастан өткерді. 1990 жылдан кейін Венгрия да демократиялық даму жолына түскен еді. Біз де өте ұзақ жолдан өттік. Әр елдің өзіндік моделі бар екенін айтқым келеді. Әр елдің өз жолы, өз даму үрдісі бар», – деді Венгрия Парламентінің спикері Ласло КЕВЕР.

Еуразия елдері парламенттері төрағаларының бүгінгі төртінші кеңесі Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық интеграция бастамасын көтергеніне 25 жыл толуымен тұспа-тұс өткенін айтып өту керек. Мұны да қатысушылар ерекше ықыласпен айтып жатты. Жалпы  парламентраийлер кез келген проблеманы осындай диалогтарда талқылап, күш-жігерімізді біріктіріп қана шешеміз деген ойларын да білдіріп жатты.

Новости партнеров