Жыл басынан бері 503 мыңнан аса қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Атаулы әлеуметтік көмекке бюджеттен 87 млрд теңге бөлінді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл қаңтар-наурыз аралығында 98,1 мың отбасындағы 503,5 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұл мақсатқа бюджеттен 87,1 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2022 жылғы бірінші тоқсанда 1 жастан 6 жасқа дейінгі 124,5 мың балаға азық-түлік пен тұрмыстық химия жиынтықтары берілді.

Айта кетері, атаулы әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-інен төмен азаматтарға тағайындалады.

Бұдан бөлек, табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балалары кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етіледі.

Еске салсақ, осы жылы қаңтарда төтенше жағдайға байланысты 2021 жылдың 4-тоқсанында АӘК алған азаматтарға төлем 2022 жылдың 1 тоқсанына автоматты түрде ұзартылды. Ал атаулы әлеуметтік көмекті бірінші рет алатындар электронды үкімет порталы арқылы өтініш берді.

Қазіргі таңда қазақстандықтар АӘК-ке өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, сондай-ақ egov.kz порталы арқылы бере алады.

Новости партнеров