Алматы қаласы төлем карталарын пайдалану бойынша көш бастап тұр

26.01.2021 17:53

Тұрғындары қолма-қол ақша арқылы төлем жасайтын Қазақстан өңірлері белгілі болды

ашық дереккөзден

Тұрғындары қолма-қол ақша арқылы төлем жасайтын Қазақстан өңірлері белгілі болды. Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау облысы төлем карталарын пайдалану бойынша көш бастап тұр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ranking.kz басылымына сілтеме жасап.

Қазақстандық және шетелдік эмитент төлем карталарын пайдалана отырып, Қазақстан аумағында қолма-қол ақшасыз жасалған төлем көлемі 2020 жылғы қаңтар - қарашада 30 триллионға жуық теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 2,6 есеге артқан. Бұл рекорд көрсеткіш. Бір жыл бұрын секторда - 2,4 есеге өсім байқалған.

2020 жылғы қаңтар-қарашада Қазақстан аумағында төлем карталары айналымнан қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 66,7 пайыз болды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 44,2 пайыз, ал бес жыл бұрын - тек 10 пайыздан асатын еді.

2020 жылғы қаңтар-қарашада Қазақстан аумағында қолма-қол ақшасыз транзакцияның орташа бағасы 12,2 мың теңге болды. Былтырғы көрсеткіш 11,4 мың теңге. Интернет және ұялы телефон арқылы қолма-қол ақшасыз транзакция сомасы бір жыл ішінде 15,6 мыңнан 17 мың теңгеге дейін өсті, ал POS-терминал арқылы-керісінше 5,3 мың теңгеге дейін қысқарды.

Қолма-қол ақшасыз төлем көлемінің өсуі Қазақстанның барлық өңірлерінде байқалды. Ең елеулі өзгеріс Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тіркелген: 6,8 есе, 2,7 триллион теңгеге дейін.

Сондай-ақ, Жамбыл облысында - алты есе, 824,6 миллиард теңгеге дейін, Қызылорда облысында - 5,4 есе, 653,4 миллиард теңгеге дейін айтарлықтай өсім байқалды.

Төлем карталарын ең белсенді пайдаланушылары - Алматы тұрғындары. Онда картадан түсетін ақша үлесі 78,7 пайыз, одан кейін Нұр-Сұлтан (73 пайыз) және Атырау облысы (65,7 пайыз) тұрғындары.

Тек Қазақстанның екі аймағында тұрғындар қолма-қол ақшамен төлем жасап, төлем картасынан қолма-қол ақша алуды жөн санайды. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында карта бойынша барлық айналымнан қолма-қол ақшасыз төлем үлесі бар болғаны 45,6 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында - 47,9 пайыз.

Ақмола облысында төлем карталары қолма-қол ақшасыз төлем жасауға да, қолма-қол ақшаны алуға да бірдей дәрежеде қолданылады.