Алматыда кәсіпкерлерді қолдауға арналған бірнеше бағдарлама бар
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Алматы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді қолдау шаралары жөнінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыда кәсіпкерлерді қолдауға арналған бірнеше бағдарлама бар. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге қайтарымсыз негізде 5 миллион теңгеге дейінгі сомада инновациялық гранттар беріледі.
«Бүгінде 510 млн теңгенің 161 жобасына қолдау көрсетілді, оның ішінде 326 млн теңгенің 106 жобасына халықтың әлеуметтік осал топтары мен көп балалы аналар қатысады», – деді Е. Оразалин.
Qolday кәсіпкерлік орталығы бизнес-жоспарларды дайындау үшін ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетеді.
Сондай-ақ, «Almaty Business – 2021» бағдарламасы бойынша тегін білім беру мен акселерация жобасы іске қосылды. Е. Оразалиннің айтуынша, акселерация бағдарламасы – бұл ШОБ үшін өз бизнесін сарапшылардың көзімен қарауға, ондағы әлсіз жақтарды табуға, даму жоспарын құруға және сату мен табысты арттыруға мүмкіндік береді.
«Сарапшылармен 8 апта ішінде жұмыс істеген кәсіпкер тәлімгерлік пен сараптамалық қолдау арқылы өз кәсібінің өсу нүктелері мен тиімділігін анықтайды. 7 салалық бағытта, соның ішінде қызмет көрсету және өнеркәсіптің жекелеген түрлері саласында жұмыс істейтін 1 мыңнан астам кәсіпкерді қамту көзделген», – деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы.
Айта кетерлігі, қазіргі уақытта қала экономикасының 45%-дан астамын жеке кәсіпкерлік қалыптастырады. 10 қала тұрғынының 6-уы шағын және орта кәсіппен айналысады. Қазақстанның әрбір алтыншы кәсіпорны Алматыда ашылған.