Баспасөз қызметі мәліметінше, банк жүйесіндегі барлық процесс жіті бақылауда
Ресейліктерге Қазақстанда банк карталарын ашуға мүмкіндік беретін банк жүйесіндегі "айла" туралы әлеуметтік желілерде тараған хабарламаға Ұлттық банк пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстандық әлеуметтік желілерде танымал басылым авторы мәліметінше, Ресейдің интернет кеңістігінде біздің ел арқылы Батыстың санкцияларын айналып өтуге болатын "айла" пайда бола бастаған.
"Соның ішінде Қазақстанның банк жүйесін пайдалану. Мысалы, қазақстандық банк карталарын жалған тұлғалар – Қазақстан азаматтары арқылы ашу ұсынылады. Мұндай схемаларды жаппай қолдану арқылы қаржы жүйеміз санкцияларға ұшырамауы үшін Ұлттық банк бұған назар аударуы керек", – дейді ол.
Ұлттық банктің баспасөз қызметі мәліметінше, елдің банк жүйесінде болып жатқан барлық процесс жіті бақылауда.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, клиентке банк шотын ашқан кезде банк клиенттер мен бенефициарлық меншік иелерінің заңнама талаптарын сақтауына тиісті тексеру жүргізілуін қамтамасыз етуге міндетті", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ ҰБ банк шоттарын ашу барлық қажетті тексеру жүргізіліп, клиенттің жеке басы анықталғанда және растағаннан кейін, клиенттің іскерлік қарым-қатынас орнату мүмкіндігін шектейтін тізімдерде жоқтығы расталғаннан кейін ғана жүргізілетінін атап өтті.