Қараша айында жылдық инфляция 7,3 пайызға дейін артты

10.12.2020 18:24

Өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласында жағдай өзгерген жоқ

Фото: ашық дереккөзден

Қарашада жылдық инфляция 7,1 пайыздан 7,3 пайызға артты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Азық-түлік инфляциясы бағаның жалпы өсуіне ең көп үлес қосуда. Өсімдік майы, қант секілді жекелеген тамақ өнімдері нарықтарындағы теңгерімсіздік күшейіп, азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі 10,7 пайыздан 10,8 пайызға дейін ұлғайды»,– деді Ерболат Досаев. 

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, киім бағасының 4,7% өсуінен азық-түлікке жатпайтын инфляция 5,6%-дан 5,7%-ға дейін үдеді. ТКШ реттелетін қызметі, мәдениет және демалыс саласындағы қызмет бағасының өсуінен ақылы қызмет инфляциясы 3,7%-дан 4,1%-ға дейін үдеді. 

Сонымен бірге, Е.Досаевтың айтуынша, Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі қараша айында 48,8-ден 49,4-ке дейін өсті. Бұл құрылыс көрсеткішінің 52,5-ке дейін 4,9 тармаққа жоғарылауымен байланысты. Өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласында жағдай өзгерген жоқ, мұндағы индекстер 49,6 және 48,7-ні құрады.