Елімізде доллар қымбаттай бастады. Ақша айырбастау орындарында көк қағаз 460 теңге шамасында сатылып жатыр. Маусымның басында бір доллар 450 теңге болатын. Оның көтерілуіне не себеп? Бір доллар 600 теңге болады деген сыбыс рас па? Осы және өзге сауалдарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы экономист маман Айбар Олжай жауап береді.
– Айбар Қайнарұлы, бір айдың ішінде доллардың 10 теңгеге дейін өсуі нені білдіреді? Маусымда доллар неге қымбаттады?
– Өздеріңіз білетіндей, жалпы мемлекет қазір биржада доллар нарығында белсенді болды. Доллардың бағамы Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық нәтижесінде анықталады. Егер долларға деген сұраныс көп болса, тиісінше, доллар құны өсе бастайды. Теңгеге сұраныс көп болса, тиісінше, теңге күшейе бастайды. Бұған дейін мемлекеттік бюджетті трансферттермен толтыру керек болды. Су тасқыны кезінде көп қаражат керек болды. Ұлттық қор ғана емес, "Қазмұнайгаздың" акцияларын доллардан теңгеге айырбастап, бюджетке беру керек болды. Долларды мемлекет теңгеге осы биржада айырбастайды. Сол кезде доллардың массасы көп болса, теңге күшейеді. Егер мемлекет араласпайтын болса, нарыққа таза мұнай барреліне 80 болып тұратын болса, теңгенің құны 470-480 болады. Негізі, соған қайтып оралу керек. Теңге үйреншікті жеріне қайтып келе жатыр. Сондықтан үрейленудің, қорқудың қажеті жоқ. Жаз маусымы келе жатыр. Әсіресе Шығыс Азия елдеріне баратындар, мысалы, долларды қолма қол айырбастап алады. Ең тиімдісі сол, өйткені банкоматтан сырт елден шешетін болса, 3 пайыз комиссия бар. Сондықтан долларға сұраныс көбейді де, керісінше, мемлекеттің долларды сатуы азайып қалды. Теңге курсы осыған байланысты төмендеді.
– Қаржы шолушылары «Кредиттер мен ипотека оңай беріле бастайды. Ұлттық банк теңге күшейеді деп мәлімдеме жасайды. Содан соң, доллардың бағасы күрт шарықтайды» деген еді. Бұл оймен келісесіз бе?
– Теңге бірден "құламады". Ұлттық банк бұл практикадан өтті. Шын мәнінде, теңге еркін ағымда жүр. Барлығы сыртқы балансқа байланысты, егер мұнай бағасы 80 деңгейінде тұратын болса, біздің импортымыз қауіпсіз. Ал мұнайдың бағасы құлап кетсе, импортқа жұмсалатын ақшамыз көбейеді де, теңгеге қысым келеді. Сондықтан мен девальвация болады деп ойламаймын. Әлемдік нарықта да алдағы 3-5 жылдың арасында ондай болжам жоқ.