Жобаларды қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн теңге болады
Үкіметте үш Ұлттық жоба таныстырылды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, бұлар – «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» және «Кәсіпкерлікті дамыту», сонымен бірге, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты жобалар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жобаларды қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 402 млрд теңге қарастырылған.
«15,5 трлн теңгеге жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр. Ұлттық жоба 2025 жылға қарай тұрақты экономикалық өсуді 5 пайыздан жоғары деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған. Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту бойынша шаралар қабылданатын болады. Өндіріс көлемін ұлғайтуға және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейтуге ықпал ететін 418 индустриялық жобаны іске қосу жоспарлануда», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.
Сонымен қатар, Үкімет отырысында елде инфляция өсіп жатқаны айтылды. Мәселен, тамызда ол 8,7 пайыз болса, қыркүйекте 8,9 пайызды құраған. Инфляцияның өсуіне азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауы ең көп әсер етті. Бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар құнының өсуі 0,2 пайызды құраған.
«Бағалар Нұр-Сұлтанда, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында біршама көтерілді. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдер экономика секторларында өсу қарқынын ұлғайту, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың баға өсімін тежеу бойынша жұмысты күшейту қажет. Сонымен қатар, бюджет қаражатының уақытылы игерілуін қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.