Үкімет пен Ұлттық банк теңге бағамын нығайту бағдарламасын іске асырады

01.03.2022 18:48

Сондай-ақ Премьер-министр бизнеске қойылатын ескі талаптарды тоқтатуды тапсырды

Almaty.tv

Үкімет пен Ұлттық банк теңге бағамын нығайту бағдарламасын іске асырады. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ол өз сөзінде әлемде болып жатқан жағдайларға байланысты халықтың алаңдаушылығы орынды деп атап өтті. Бұл жағдайлар экономикамызға да әсер етпей қоймайтынын жасырмады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бірнеше күннен бері өздеріңізбен ақылдасып, тиісті шешімдер қабылдадық. Осылайша, Үкімет пен Ұлттық банк бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыруға кірісті. Аталған жоспар инфляцияны бақылауда ұстауға, валюта нарығындағы тұрақтылықты сақтауға, жұмыспен қамтуды қолдауға бағытталып отыр. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құру мен кәсіпкерлікті дамытуға арналған шаралардан тұрады», - деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Бұдан бөлек, Премьер-министр бизнеске қойылатын ескі талаптарды тоқтатуды тапсырды. Оның айтуынша, қазіргі кезде мұндай талаптардың 40 пайызы жаңа тәсілдерге сәйкес келмейді. Сонымен қатар мемлекеттен қолдау алған кәсіпорындар жалақыны өсіруге міндеттеме алатынын мәлім етті.  

«Отандық кәсіпкерлікті дамыту үшін инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы импорттық тауарларды орналастырудың маңызы ерекше. Бұл орайда мемлекеттен қолдау алған кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысын өсіруге міндеттеме алады. Аргоөнеркәсіп кешенінде мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін субсидиялау жүйесінің жаңа тәсілдері әзірленіп жатыр. Қосымша ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу арқылы ауыл шаруашылығы кооперациялары мен отбасылық шаруашылықтарды дамытуға жағдай жасалады», - деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.