ҚР Индустрия вице-министрі Армениядан жеткізілген көліктерге қатысты пікір білдірді

01.08.2019 20:18

Арменияда автокөлікті екі есе арзан бағамен алуға болады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов Армениядан жеткізіліп жатқан автокөліктерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз өзіміздің ақпараттық арналарымыз арқылы АҚШ-тан Арменияға шамамен 60 мың автокөлік жеткізілгенін білеміз. Енді олар бұл көлікті елдеріне кіргізді, бізде бірыңғай Кедендік тариф бар. Дегенмен, олар көліктерді өздерінде қалдыруы тиіс. Ал барша Кедендік одаққа тарату үшін біздің азаматтар Арменияда уақытша тұрғылықты жерді рәсімдеп, Арменияның азаматтарымен қатар осы машиналарды сатып алады. Яғни ешбір қосымша баж салығынсыз көліктерді Қазақстанға армяндық нөмірлерімен кіргізіп, осында емін-еркін жүр», - деді А. Ержанов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, бұл өз кезегінде қазақстандық жол полицейлері үшін проблема тудырады.

«Оларды жауапкершілікке тарта алмайды. Атап айтқанда, осы нөмірмен жүрген көліктер жолдағы жылдамдықты асырып, жол ережесін бұзса да, осы үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Сонымен бірге, айыппұл төлемейді, сотқа тартылмайды. Мұндай көліктер көптеп кіргізілсе, онда біздің жеңіл көлік өндірісін арттыру бойынша жұмыстарымыз және автонесиелеу бойынша шараларымыз босқа қалады», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, Арменияда автокөлікті екі есе арзан бағамен алуға болады. Сонымен қатар, вице-министр осындай автомобильдерді сатып алуға қатысты мемлекет тосқауыл қоймайтынын атап өтті.

«Бұл бағытта қарсы шаралар қабылданбайды. Егер де ел азаматтары осындай машиналарды алғысы келсе, онда қарсы қадамдарды қабылдаудың реті жоқ. Керісінше, осының барлығы заңды болуы үшін шешім қабылау керек, яғни алдағы уақытта біздің азаматтарда заң алдында, құқық қорғау органдары алдында проблемалары болмас үшін. Арменияда уақытша тіркеуге тұру арқылы машина сатып алып, оны елімізге транзиттік нөмірмен кіргізу керек емес. Одан да көлікті алып келіп, тіркеуге қойып, заңды түрде жүрген дұрыс болар. Өйткені қазіргі кезде олар осында да, Арменияда да салық төлеп жатқан жоқ», - деді ол.