Елімізде 700 мыңнан астам адам әлі де жұмыссыз қалып отыр. Әрі қарай жағдай коронавирус инфекцияның таралуы мен шектеу шараларына байланысты болмақ. Орталық коммуникациялар қызметінде есеп берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов дәл осылай деді. Ол сондай-ақ қазақстандықтарға қашықтан жұмыс істеуге кеңес берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Карантин режимі кезінде 4 миллионға жуық қазақстандық жұмыссыз қалған. Дәл осындай ақпарат берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жыл соңына дейін жұмыссыздық деңгейі 6 пайыздан сәл асатынын жеткізді. Ал маусым айында 700 мыңнан астам адам әлі де жұмыстарына оралмаған. Оларға министр келесідей кеңес берді.
«Карантин уақытында жұмысын жоғалтқан азаматтарға жұмыспен қамту орталықтарына баруға кеңес береміз. «Еңбек» сияқты тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бар. Ашық вакансиялар, бизнесті жеңілдікті микронесиелеу мен оқуға гранттар, бір жылға дейінгі уақытша жұмыс орындары бар. Сондай-ақ, азаматтарға электронды еңбек биржасын пайдалануға болады. Онда 77 мың жұмыс орны бар», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
«Ал кеңсе қызметкерлеріне қашықтан жұмыс істеу керек», – деп атап өтті министр. Барлық мекеме 100 пайыз осындай форматқа көшуді айтты. Ал үйде жатып жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ кәсіпорындар қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек екенін айтты. Дене қызуын өлшеуден бастап, арақашықтық сақталуы керек. Дезинфекция жұмыстары да ұдайы жүргізілуі тиіс. Брифингте министр, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекпен қамтуды да тілге тиек етті.
«Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауды қаржыландыру 10 пайызға өсті және 2019 жылғы 315 млрд теңгемен салыстырғанда, 2020 жылы 347 млрд теңгені құрады. Техникалық қалпына келтіру құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етуді қаржыландыру 17 пайызға артып, 2019 жылы 101 млрд теңгеге жетті», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Мүгедектігі бар адамдарды белсенді еңбекке тарту үшін олардың құзыреті туралы дерекқор құрылмақ. Сөйтіп, мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істей алатын кәсіптердің атласын жасау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «TenQogam» әлеуметтік қолдау орталықтарын құру көзделген екен. Онда бизнес жобаларды дамытуға көмек көрсетіледі және кәсіптік білім беріледі. Ал 2020 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі кезеңде 8 өңірде жаңа оңалту орталықтарын салу жоспарланып отыр деді Біржан Нұрымбетов.
Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан